15 сәуір. Екі жігіттің қайсысын таңдаймын?

15 сәуір. Екі жігіттің қайсысын таңдаймын?

Өмірде алдыңнан көп таңдау шығады. Бірінде тәуекелге барып жатсаңыз, бірінде кейін шегініп жатасыз. Мұндай таңдаулар нәзік жанды арулар алдынан да шығып тұрады. Соның бірі - екі жігіттің бірін таңдау. Бүгін біз сіздерге осы тақырыптағы ақыл-кеңестерімізді ұсынамыз. Мұны 2 әдісте қарастыруды жөн деп таптық.


І әдіс. Жігіт таңдау.

1. Диалог құрыңыз. Сіз өзіңізбен ортақ қызығушылықтары бар, жаңашылдыққа бірге ұмтылатын әрі өзіңізді бақытты ете алатын серіні іздейсіз. Сондықтан жігіттермен сөйлесіп, араласып болғаннан кейін өзіңізге бірінші мына сұрақтарды қойып көріңіз:

  • «Ол мені күлдірте алады ма? Ол әзілқой жігіт пе?» Кез келген сәтте күлдірте алатын адамдар әрқашан тартымды болады. Бұл серілер қыз баланың көңілін қалай шаттандыру керек екендігін жақсы біледі және соның арқасында нәзік жандылардың өмірге (әлемге) деген көзқарасын өзгерте алады.
  • «Өзге адамдарға деген қызығушылығы қандай? Өз ісінен бөлек нені ұнатады?» Тек өзі жайлы ойлап, мақтана беретін жігіттер тез жалықтырып жібереді. Өйткені қыздарға сүйікті ісі бар, көпшіл, болашағынан үлкен үміт күттіретін тұлға қажет.
  • «Эмоцияға беріле ме? Өзгелерге келгенде сезімтал ма?» Өз сезімдерін көрсетуде жігіттердің көпшілігі сәтсіздікке тап болады. Ал өз-өзіне сенімді жігіттер сезімдерін көрсетуден еш қысылмайды.

2. Таңдау барысында жігіттің мінезіне мән беріңіз. Кейде жігіттер қыздарға ұнамайтын кемшіліктерін барынша бүркемелейді. Сондықтан сүйгеніңізді жақсырақ танып, оның бойындағы сізге ұнайтын, не келешекте қарым-қатынастарыңызға бөгет болатын қасиеттерін анықтап алуға тырысыңыз.

  • Ол өзін бастық сияқты ұстап қулық жасай ма? Қай кез болмасын, өз дегенін жасап, өзгелердің пікірімен санаспай ма? Бұл белгілер - өзімшіл адамның бойындағы айқын көріністер. Мұндай адаммен қарым-қатынас құруда көп кикілжің тууы ғажап емес.
  • Ол өтірік айтып, біреуді даттап, не өсек-аяң тарата ма? Сізге қанша ауыр тисе де, шындығын айтатын және сіз арқа сүйей алатын жігіт керек. Біреуді даттаудан қорықпайтын, өсек айтуға жаны жақын жігіттердің әдетте өзге адамдардың пікірінде шаруалары жоқ. Ондай адамнан бойыңызды аулақ ұстаңыз.
  • Ол үнемі келеңсіз жағдайларға (оқуында, ата-анасымен қарым-қатынаста, т.б.) тап бола ма?  Әрине, «бұзық балалар» тартымды, бірақ олардың көңілдері басқа нәрсемен алаң, сәйкесінше, сізге бөлетін уақыты да аз.
  • Ол әлі де бұрын жүрген қызын жиі еске алып, оны сөз ете ме? Бұл жақсы белгі емес. Бірақ мұндай жағдай жігіттің нашар адам екендігін байқатпайды, ол оның сізге дейінгі қызына шын мәнінде ғашық болғандығын білдіреді.

3. Екеуімен де араласыңыз. Сізге кім қаттырақ ұнайтынына және кімнің сізде ықыласы көбірек екеніне назар аударыңыз. Өзіңіз оған не ұсына алатыныңызға сенімді болыңыз және сырттай бақылап отырыңыз.

  • Ең басты сұрағымыз: Оған сіздің сырт келбетіңізден гөрі жан дүниеңіз ұнай ма? Әлде керісінше ме? Мұны оның сізге айтқан қошемет сөздерінен аңғарасыз.
  • Оның жанында сіз өзіңізді қалай сезінесіз? Сол сәтте ол сізден басқа ешкімді байқамайды деген ой қалыптаса ма, әлде керісінше, өткен-кеткеннің бәріне көз қыса ма? Бәлкім сіз оның «аяқталмаған тізімінің» ортасында тұрған шығарсыз?
  • Ол асығыстық таныта ма? Асықпай, әр нәрсені бабымен көріп-түсінетін жігіттер қарым-қатынастың рахатына бөлене алады. Керісінше, үнемі асықтырып, тезірек дамытуға күш салатын жігіттер қызық қуалаумен жүреді.

4. Жақын достарыңыздың пікірлеріне жүгініңіз. Бірақ есіңізде болсын, соңғы сөз өзіңізде. "Саған кім көбірек ұнайды?" дегеннен гөрі олардың қай қасиеттерін бағалайтыны жайлы сұраңыз.

5. Артықшылықтары мен кемшіліктерін қағаз бетіне түсіріп, салыстырыңыз. Бұл әдіс арқылы сіз шын мәнінде нені қалайтыныңызды түсінесіз. Мәселен, әрқайсысының жанында өзіңізді қалай сезінесіз? Жігіт бойында қандай қасиеттердің болғанын қалайсыз/қаламайсыз? Әр азаматтың бойындағы жақсы және жаман жақтарын тізіп шығыңыз. Соңында тізімді салыстырып, ер жігіт бойында көргіңіз келетін артықшылықтарды шығарыңыз.

6. Түйсігіңізге сенім артыңыз. Кімнің ұнауын, не ұнамауын біз таңдай алмаймыз. Өйткені әр тұлға белгілі мінезбен туып, жағымды-жағымсыз ұстанымдарды қалыптастырады. Көп ойланбай, ішкі дауысыңызға құлақ салыңыз.

  • Егер сізге екі жігіттің бірі көбірек ұнайтынын сезсеңіз, бірақ ол сізге лайық емес деп ойласаңыз, екеуімен де қарым-қатынасыңызды уақытша тоқтатыңыз. Қыз бен жігіт арасында сезімнің болмауы адамның бақытсыз болуымен салыстырғанда қорқынышты емес.
  • Егер бұрынғы кездескен жігітіңізбен қарым-қатынастарыңыз белгілі бір себептермен үзілген болса, өткен қателіктеріңізден сабақ алыңыз. Келешекте өзге адаммен сезімдерің қаншалықты терең болмасын тура сондай қателіктер қайталанбауын қадағалағаныңыз жөн, себебі бұрын бастан кешкен өкініш пен уайымның сізге қажеті не?
  • Асықпаңыз! Шешім қабылдауға асық болмаңыз. Барлығын жіте ойлап шығыңыз, бәлкім сол уақыт ішінде үміткерлердің бірі өзін жақсы қырынан көрсетіп сізге шешім жасауға септігін тигізіп қалар.

ІІ әдіс. Нақты шешімге келген кез


  • Егер сіз өз таңдауыңызды жасасаңыз, тек сол азаматпен ғана араласыңыз. Екінші жігітпен жақын араласудың қажеті жоқ. Бәлкім бастапқыда қиындау болар, бірақ өз шешіміңізге күмәнданбаңыз.
  • Біраз уақыттан соң екінші жігіт сіздің таңдауыңызды сыйлап, шегініс жасайды. 
  • Екінші жігітпен достық қарым-қатынаста болыңыз, бірақ тым жылы шырай танытып, кездесудің қажеті жоқ, өйткені ол сіздің ниетіңізді дұрыс түсінбей, үміттеніп қалуы мүмкін. Онымен қоса сіз таңдаған жігіт қызғанышқа бой алдыруы да ғажап емес.
  • Екі жігіттің арасынан таңдау жасағанда екеуімен қарым-қатынасыңыз өзгеретінін түсініңіз. Таяқтың екі ұшы бар демекші, сіз бірін бақытты ете аласыз, енді біреуінің жүрегін жаралайсыз. Сондықтан әр іске түсіністік таныта біліңіз.
  • Егер екі үміткер де сіздің достарыңыз болса, нақты бір тоқтамға келмейінше ешқайсысымен де араласудың қажеті жоқ, өйткені ондай қарым-қатынастан кейін достық қарым-қатынаста қалу неғайбыл.

Ал мына жағдайда қайтесіз? Егер екі азамат жан дос болса, сіз оларды бір-біріне қарсы қоюыңыз да мүмкін, ал егер біреуін таңдар болсаңыз екеуі жай таныс болып қалуы да мүмкін. Сондықтан мұндай ыңғайсыз жағдайға түспес үшін екеуінен де бас тартыңыз.

Өз шешіміңізге сенімді болыңыз. Егер бір азаматпен достық қатынасыңызды жоғалтқыңыз келмесе о бастан оны үміттендірмегеніңіз жөн, себебі ол ертең сіздің көңіліңіз үшін біреумен бәсекелес болғанын және сіз оны таңдамағаныңызды білсе көңіліне тиюі мүмкін.

Болашағыңыз өз қолыңызда.  Өйткені өмір сіздікі, сіз қалай сүремін деп амал етсеңіз, солай болады.

Қателесуден қорықпаңыз. Өткеннен сабақ алуға тырысыңыз, ол сіздің әрі қарай дамуыңызға септігін тигізеді.

Бәріне бірдей ұнау мүмкін емес. Сондықтан өзгелермен сәлеміңіз түзу болып, қолдауға зәру адамдарға көмектесіңіз.

Жасандылық танытпаңыз! Шынайы қалпыңызда сіз әдемі, бақытты, тартымдысыз!

Дайындаған: Шахназ Ғалымзатқызы

Сурет: Өмірбек Сансызбай

Ө. Сансызбай