Мемлекет басшысы Наурыз мейрамымен Қазақстандықтарды құттықтады

Мемлекет басшысы Наурыз мейрамымен Қазақстандықтарды құттықтады
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Астанада Наурызға арналған мюзиклға қатысқан Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды Наурыз мейрамымен құттықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Құрметті отандастар, келе жатқан көктем мен жақсылықтың мерекесі - Наурыз мейрамы барша қазақстандықтарға құтты болсын! Бұл - ұзақ қыстан кейін, аяз бен бораннан кейін асыға күтетін мерекеміз. Атам заманнан бері біздің халық бұл мерекелерді күткен, біріне бірі қонаққа барған, бар өкпені ұмытқан, ағаш отырғызған, үйінің, ауылының маңын тазалаған, жинастырып, жазға, жаңаруға және Жаңа жылға дайындалған. Менің Жарлығыммен, Наурызды үш күн тойлайтын боламыз. Ертеден бері сақталып келген мереке Тәуелсіздікпен бірге қайта оралды. Мінеки, Тәуелсіздікті алғалы бері осы Наурызды атап келе жатырмыз. Түбінде бұл біздің негізгі жаңажылдық мерекеміз болады. 1 қаңтарды I Петр Батыс Еуропадан алып келген еді. Оны да тойлаймыз. Бірақ біздің негізгі мерекеміз - күн мен түннің теңелетін, табиғаттың барлығы оянатын кез", - деп атап өтті Н.Назарбаев "Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел" атты мюзиклді тамашалағаннан кейін  тілшілерге берген сұхбатында.

"Осы жылдардың барлығында біз Қазақстанның әлемдегі абыройы мен даму мәселелерін шешіп келеміз, халық мұның барлығын біледі, қазір біздің алдымызда үлкен міндеттер тұр. Әлем өте жылдам өзгереді, индустрия өзгереді, технология өзгереді, өмір өзгереді. Біздің міндетіміз дамыған 30 елдің қатарына кіру, ең бастысы халықтың өмірі. Сол үшін де мен жақында бес бастаманы жарияладым: баспанамен қамту, екіншісі, салықтан босату, жастарымызға қамқор болу, білім беру, жаңа гранттар, жатақханалар құрылысы, Қазақстанды газбен қамту. (...) Мен барша қазақстандыққа береке, бақыт, бірлік, сәттілік және гүлденуді тілегім келеді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Конгресс-орталықта сахналанған жоғары технологиялық музыкалық хореографиялық этно-модерн қойылым "Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел" деп аталды.

Мюзиклдің негізгі мақсаты - мифология арқылы Наурыз мейрамының мән-маңызын жаңа қырынан көрсету, ұлттық құндылықтарды тың жанрмен жеткізу. Сценарийге сәйкес, Наурыз есімді жас жігіт Аязбике, Жезтырнақ сияқты жағымсыз кейіпкерлермен күресіп, көктемнің жаршысы - Қарлығаш деген сұлу қызды құтқарады. Жолға шығардың алдында дана қария оған өз батасын беріп: "Наурыз, сен маңдайынан күн сүйіп, тағдырдың таңдауы түскен ерекше баласын. Саған үлкен міндет жүктелді. Зұлым күштер адамнан тартып алған ең құнды қасиеттерді қайтаруың керек. Жан мен тәнді мұз құрсауынан босатар - жылулық. Қапас қараңғылықты жеңетін - нұр сәулесі. Тас жүректі жібітетін - маxаббат сезімі. Қорғансыздықтан сақтайтын - сабырлық, арамдықтан құтқаратын - адалдық сынды қасиеттер, балам!", - деп сиқырлы қауырсынды тапсырады. Осыдан кейін бас кейіпкер - Наурыз барлық жағымсыз кейіпкерлерді жеңіп, мақсатына жетеді. Жер-жаһанға күн сәулесін түсіріп, зұлымдық пен жамандық күштерін жеңеді. Өмірдің философиясын түсінеді.

Дана қарияға қайтып келгенде Наурыз жігіт өмірдің мәнін түсінгенін айтады. "Мен барлық қиындықтарды еңсеріп, бақ-береке мен бақыттың құпиясын таптым. Ол - xалықтың бірлігі, бейбітшілік пен тыныштық, ата-бабалардың өсиетіне адалдық", - дейді Наурыз.

Айта кеткен жөн, мюзиклға опера, балет, цирк, эстрада мен танымал би ұжымдары қатысты. Ұйымдастырушылар бұның барлығын классикалық және дәстүрлі музыкамен, графика мен компьютерлік теxнологиямен шебер көрсете білді.

Дереккөз: ult.kz

Т. Раушанұлы