Наурыз бата

Наурыз бата
Фото: sxodim.com

Қазақ халқының кез келген мейрамы ақ тілек пен батасыз өтпейді. Наурыз мейрамында Наурыз батасының орны ерекше. Бұл күні жасы кішілер үлкендерге сәлем бере барып, ақсақалдардың батасын алады.

Наурыз батасы

Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай.
Бастарыңа бақ қонсын,
Шаштарыңның барлық талындай!

Санасы асып адамның,
Көңілде кір қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын.

Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз.

Қайғы-уайым жоқ болсын,
Оралмасы кез өгей.
Ырысымыз көп болсын,
Бүгінгі наурыз көжедей.

****

Ұлысың оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда барса да жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле-жала жерге енсін!
Ұлы халқым тоқ болсын,
Көйлектерің көк болсын!
Қайғы уайым жоқ болсын,
Қуаныштарың көп болсын!

****

Дәулетті бас берсін,
Бақытты ас берсін,
Ұлыстың ұлы күнінде!
Ұлыс оңға қонсын,
Қызың қырға қонсын!
Қозыға толсын көгенің,
Тұлпар болсын құлының.
Сүтті болсын құдығың,
Өрісті болсын жайлауың,
Ырысты болсын қыстауың!
Арыстандай болсын қайратың,
Аюдай болсын айбатың,
Гүлге толсын өңірің,
Көңілді өтсін өмірің,
Асқа толсын табағың,
Ашық болсын қабағың!

****

Дәулетің зияда болсын,
Дұшпаның қияда болсын,
Аққуларың ұяда болсын, 
Ауыл-аймақ, 
Бота, тайлақ,
Үй-жамағат –
Бәрі түгел аман болсын, 
Кейінгіге береке берсін!
Алғанда аз да болса көптей көр, 
Бергенде көлдей бол. 
Жарылқасын құдайым,
Тартпасын халық уайым. 
Бай қылсын, 
Төрт түлікті сай қылсын,
Кетпес дәулет берсін,
Отауыңа сәулет берсін.
Ұлыс күні қазан толса, 
Осы жыл ақ мол болар!

****

Ескі жылда есіркесін,
Жаңа жылда жарылқасын!
Саба іркіт пен саумалдан босамасын.
Өре құрт пен ірімшектен босамасын,
Мал ішсіз, келін құрсақсыз болмасын,
Түн ішінде түйе қомдатпасын,
Інгеннен айырып ботасын боздатпасын,
Қараңғыда ит ұлып, сиыр мөңіремесін,
Ата – ұлдан, ана – қыздан айрылып еңіремесін!

****

Өркендеудің өрін бер!
Әз-Наурыз - Жаңа жылым.
Жаңа жылым - жаңа күнім!
Барша жұртты шаттандырып,
Шарықтаған көңіл бер!
Жан бітіріп табиғатқа,
Тіршілікке шеру бер
Су сіміріп, жер бусанып,
Қаулап өскен көгін бер.
Сай сылдырлап, өзен тасып,
Аппақ айдын көлін бер!
Бетегесі белден болып,
Көк балауса көделері,
Шабындығын шөбін бер!
Төскей толы төрт түлікке,
Қора толы төлін бер.
Алтындайын сары бидай,
Толқып өскен егін бер!
Емірентіп жердің төсін,
Астығын бер - өнім бер!
Елім өсіп, алға басып,
Өркендеудің өрін бер!
Үздік деген әлемдегі,
Отыз елдің ортасынан,
Ойып тұрып орын бер!

****

Жаңа жыл бақыт жылы болсын,
Малың тоқ,
Уайым - қайғың жоқ болсын.
Көген толы қозы,
Желі толы құлын болсын.
Малың базарлы,
Ұлың назарлы,
Қызың ажарлы болсын!
Жарылқа, тәңірім, қабыл ет.
Қарық қып құтты
Наурыз Құрдасыңа - қуаныш бол
Уа, жаратқан, жарылқа
Құдайдың өзі сөйтіп оңдасын!

 

Н. Үсенова