Адалдық, адамгершілік, достық, ізгілік, ынтымақ туралы (IV бөлім)

Адалдық, адамгершілік, достық, ізгілік, ынтымақ туралы (IV бөлім)

Аяз әліңді біл,

Құмырсқа жолыңды біл.

***

Қоя жесең, қой қалар,

Тарта жесең, тай қалар.

***

Жылағанды сұрама, шығарыңды ойла.

***

Су ішкен құдығыңа түкірме.

***

Сыртын көріп ішінен түңілме.

***

Әзілің жарасса, атаңмен ойна.

***

Қарт келсе асқа,

Жас келсе іске.

***

Жақсы кісінің ашуы,

Жібек орамал кепкенше.

***

Біреуге деп көр қазба,

Өзің түсерсің.

***

Барамын деп аспа,

Жоқпын деп саспа.

***

Қанағат қылсаң, қарның тоқ.

***

Жарлы болсаң да, арлы бол.

***

Өтірік айтып жағынғанша,

Шыныңды айтып жалын.

***

Буынсыз жерге пышақ ұрма.

***

Бермегенді беріп ұялт.

***

Бұрынғы істің басында болмасаң,

Соңғы істің қасында бол.

***

Әзіл айтсаң да, әділ айт.

***

Қайтып келер есікті қатты серіппе.

***

Біреу зәбір етсе, сен сабыр ет.

***

Тұрлаусыз серт тұрпайы мүше тәрізді.

***

Сабын кірді ашады,

Сабырсыз сырды ашады.

***

Есердің тобы екеуге жетпей тозар,

Ездің қайраты жау кеткенде қозар.

***

Ақылдының белгісі байыса аспайды,

Дәрежесіне таспайды.

***

Өтірік те, шын да ауыздан шығады:

айырмасы айтылуында емес, мағынасында.

***

Өзің көтермейтін сөзді басқаға айтпа.

***

Өзіңді өзің сыйламасаң,

Өзгеден сый дәметпе.

***

Нәрсізге назыңды айтпа,

Сағың сынады.

***

Нәрліге ишарат етсең,

Айтпай ұғады.

***

Озбыр олжа үшін өледі,

Күншіл күндеумен бүледі.

***

Судың жолын құм бөгер,

Ердің жолын сұм бөгер.

***

Тымырық болса ер оңбас,

Тоңға жатса мал оңбас.

***

Ақыл – жас ұланнан,

Жүйрік – тай құнаннан.

***

Ойнап сөйлесең де,

Ойлап сөйле.

***

Ойын сөзге шын төре.

***

Ой ойласаң, тең ойла.

***

Ақылдассаң шешерсің,

Ақылдаспасаң кем кесерсің.

Сурет ғаламтордан