Кәмшат Жолдыбаева: "Қазақтың тойы бітпесін"

Кәмшат Жолдыбаева: "Қазақтың тойы бітпесін"
Фото: Фариза Абилова

Бүгін, 15 қыркүйек күні «Жұлдыз ФМ» радиосына қазақтың әншісі Кәмшат Жолдыбаева қонаққа келді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тікелей эфирде «Қазақтың тойы бітпесін» атты тақырып талқыға салынды. Той қызықтары, тойда ән айту жайлы әңгіме қозғалды. Жұлдыз қонағымыз тыңдармандарымызды тыңдап, өз пікірімен бөлісті.

Эфирге хабарласқан тыңдарманның «Жаңа әніңізді қашан естиміз?» - деген сұрағына Кәмшат: «Композитордың шабыты келгенде, жаңа әніміз де дүниеге келеді. Ән сіздерге тосын сый болсын. Осы жылдан бастап әнді жеке орындаймын. Мұны әлі толықтай сезініп үлгермедім. КешYOU құрамында ән айтқан кезде, қызық болды. Енді өмірдің жаңа парағын ашқалы тұрмын», - деп жауап берді.

Құлақ түре, қызықты сұрақ қоюға тырысқан тыңдарман Кәмшатқа «Жанды дауыспен ән айтасыз ба?» деген сауал қойды. Жұлдыз: «Жанды дауыспен айту керек деген талап қойылатын кездер болады. Тойда басты мақсат – өлеңнің әдемі айтылып, бидің биленуі. Мысалы, алты ән айтатын болсам, соның кемінде, шамамен, үшеуін жанды дауыспен айтуға тырысамын. Кейде жанды дауыспен айту үшін аппаратура сәйкес келмей жатады. Әр кезде әрқалай», - деді.

Радио тыңдармандары тікелей эфирде хабарласып, тойда болған қызықтарымен бөлісіп жатты. Кәмшатқа игі тілектер айтып, таңертеңгі көңіл күйін көтеріп, қуантты. Эфирде күлкілі сұрақтар да қойылып жатты. Соның бірі «Кәмшат сіз тойдан пакет аласыз ба?» деген сұрақ. Бұған Кәмшат: «Негізі пакет алмаймын, бірақ алсам, жақсылап толтырамын», - деп күліп жауап берді.

Кәмшат тойда ең басты мақсат - халықтың көңілінен шығу екенін айтты. Шақырған жерде барыңды салып, әсем ән мен би билеп, жиналған қауымды қуантуға тырысу керек деген пікір білдірді.

Расында да, қазақтың тойы бітпесін. Әр адамға тойлайтын себеп көп болсын, тойыңыз жақсылыққа ұлассын!

Ф. Абилова