Жаңа жыл кешінде теледидардан не көреміз?

Жаңа жыл кешінде теледидардан не көреміз?

Жаңажылдық кешті жаңажылдық бағдарламасыз елестету қиын. Жылдың басты кешінде дастархан басында отбасымен жиналып, мерекелік бағдарламаларды қарау дәстүрге айналған сияқты. Мерекелік кеш ойдағыдай өту үшін осы кеште қарайтын бағдарламаны алдын ала таңдап алған жөн.

Сонымен, біздің отандық телеарналар Жаңа жыл кешінде не көрсетеді?

Хабар

Биылғы Жаңа жыл кешінде ұлттық арна авторлық бағдарламалар, жыл қорытындылары мен сапалы кинофильмдер, шоу-бағдарламалар мен астаналық бал мен концерттердің трансляциясын ұсынады. Жаңа жыл кешінде 3 сағаттық «Армысың, Арғымақ жыл!» атты концерттік шоуды тамашалай аласыздар. Жүргізушілер мен шақырылған жұлдыздар жыл қорытындысын келтіріп, келер жылға еліміздің жоспарларын әңгіме қылады.

Ел Арна

«Ел Арна» өз көрермендеріне жаңажылдық кеште бірнеше сыйлық дайындап қойды. "Ескі жыл, есірке!", "Жаңа жыл, жарылқа!" бағдарламаларында отандық жұлдыздар өнер көрсетіп, телеарна жүргізушілері өздерін әнші ретінде сынап көреді. Атақты "Тракторшының махаббаты" сериалындағы апа Әліхан Ідрісова әртістер арасында өз ұлына келін іздейді. Ал кеш қонақтарын Тұңғышбай Жаманқұлов пен Майра Мұхаммедқызы қарсы алады.

Қазақстан

Кішкене әзіл қосылған музыкалық бағдарлама Жаңа жылды қарсы алу үшін ең дұрыс шешім. Қазақстан ұлттық арнасы сіздермен бізге дәл осындай мерекелік концерттік шоуды дайындап отыр. «Таңқалдырған Жаңа жыл!» деп аталатын бағдарламада талай қызық болмақ. Ал оған дейін сүйіп қарайтын «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» бағдарламасының жаңажылдық санын тамашалай аласыздар.

Астана

Астана арнасы былтырғы жобасы "Жап-жаңа жылдың" жалғасын түсіріп, басты екпінді әзілге қойған сияқты. Кешті  Нұрдәулет Шертім, Ақкенже Әлімжан, Жанар Дұғаловалармен бірге  шоумен, комедия сұлтаны, дарынды актер Дмитрий Кожома жүргізеді. 

Бұл отандық телеарналар арасында бізге арнайы жаңажылдық бағдарламалар дайындағандар тізімі болды. Әрине, дәстүр бойынша 00.00-де барлық арналар ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңажылдық құттықтауын көрсететін болады.

Жаңа жылдарыңызбен!

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: Астана ТВ арнасы

С. А