Ақын-жазушылар Жаңа жыл мерекесімен құттықтайды

Ақын-жазушылар Жаңа жыл мерекесімен құттықтайды

Әдебиет айдынында жүрген аға-апаларымыздан өздері үшін өткен жылдың несімен есте қалғанын, келер жылдан не күтетінін, сонымен бірге жаңа жылдық қызық оқиғалары мен бір-бір ауыз тілектерін сұрап көрген едік... 

Есей Жеңісұлы, ақын, спорт комментаторы:

- Жеке басымда өткен жыл аумалы-төкпелілігімен есімде қалды. «Өмір не және кім үшін?» деген сұрақтардың жауабы табылғандай болды. Ал қазаққа қатысты айтар болсақ, Жыланның өзге «әріптестерінен» еш өзгешелігі болған жоқ. Айыр тілінің ресми жағы ісініп-кебініп тұра берді.

Жақсылық күтемін. Мәссаған, біз сонша аңсап жүрген жақсылықтар өз-өзінен басымызға орнай қалса ғой! Күте-күте сүйегіміз сарғайып барады. Күндік нәпақасына көңіл тоқтаған халық та, адам да биікті ойлаудан қалады екен.  

Бәрі бір-біріне ұқсас қой. Қай жылы, шамасы 2010 жылды қарсы алып жатқанда болар, балдызым телефон соғып, қатты алдағаны бар. «Телеарнаның журналисімін. Қазір үйіңізге барып, тікелей эфир арқылы жұртшылыққа құттықтауыңызды аламыз» деп қоймайды. Мен азар да безермін. «Мені қайтесіздер, үлкендерге барсаңыздаршы. Үйім тар» деп қоямын. Ол да қайтар емес. Әбден сілемді қатырып болып: «Жездеке, не деген сараңсыз?! Бір шәугім шай іш деуге жарамадыңыз ғой», – дегенде ғана даусын танып, әй, ішегім қатты бір.

Амандық тілеймін. Аман жұрт қана болашаққа барады. Әр шаңыраққа Жылқы жылы – менің жылым құт-береке, мол несібе, бақыт, қажыр-қайрат, толайым табыстар әкелсін! Халқымыз жылқыдай сергек, самдағай, дегдар, еркін болғай!

Мақпал Жұмабай, ақын:

- Соңғы күндері өзіме іштей есеп беріп, ойланып жүрмін. Ылғи да жоспар құрып, өзіме-өзім есеп беретін әдетім бар. Кішкентайымнан сондаймын. Өзіме көңілімнің толған кезі есімде жоқ. Бұл - алға жылжытатын, дамытатын жақсы қасиет деп санаймын. Сондықтан, ол әдеттен арылғым келмейді.  Биыл “өз әдебиетімнің” алдында еңсемді тіктеп, бетіне тура қарап тұратындай қауқарым болып тұр. Өйткені, биыл маған бір сәтке де “маза бермейтін” мақамды жырларымды  оқырманға жүйелі түрде жеткізе бастадым. Алматы мен Астанада отыз шақты шағын кеш өткіздім. Сайтымды аштым. Алматыма оралдым. Жаңа жылға да жоспарым жетерлік. Менің жырымды ұнатқан әр адамның сенімін ақтауға тырысамын. Еңбектене беремін. 

Адамның өмірі айтып ауызбен жеткізе алмайтын, «қолға ұстап көре алмайтын» кішкентай ғана қуаныштардан тұрады ғой. Биыл көп қуандым және көп мұңайдым. Мұңсыз қалай?! Қуаныш та мұңның бір формасы ғой. Жалт етіп, өтеді де кетеді. Адамдарға сол нәзік мұңдарын жоғалтпауды тілер едім, өйткені, дәл сол мұң адамды сезімтал етеді. Ал сезімталдық – адам атаулының бақыты.  Бақытты болайық!

Тоқтарәлі Таңжарық, ақын:

- Баяғыда қарттар бір күні өтсе, мұңаятын деседі. Қазір бір жылдың қалай өткенін білмей қап жатамыз. Күнтізбенің бетін бір-бірлеп жыртып, 365 парақты лақтырып тастағаныңызды сезбей жатамыз. Асылы, күнтізбенің бетін емес, інжу уақытты желге ұшырып жүргенімізді қайдан білейік...

Алдағы жылдан тек жақсылықтар күтемін. Астананың рухани келбеті қазақыланса, ұлттық мәдениетке шын ділдерімен қызмет ететін шенеуніктер көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді. Астанаға телеарналар, газет-журналдар кетіп жатыр ғой, бірақ қаланың қазақы мейірі білінбейді әлі. Қазақтың айлығынан бұрын өсетін коммуналдық төлемдер, инфляция қарқынын тежесе, жүдә, жақсы болар еді...

Жақсылық Қазымұратұлы, ақын:

- «Ай ат басын бұрғанша, жыл жылқы аунап тұрғанша» демекші көзді ашып жұмғанымызша тағы бір жылды артқа қалдырдық. Басқасын қайдан, жастар әдебиеті төңірегінде бір қатар жаңалықтар болды. Талантты ақын Ерлан Жүністің «Хауас» атты жыр жинағы оқырман қауым арасында жақсы аңыс қозғады. Ырысбек Дәбейұлының «Шық тұнған жолдар» жинағы да осы жылдың жақсы жаңалығы деп қабылдауға татырлық. Жас жазушы Арман Әлменбеттің «Мимырт» романы өз алдына үлкен қуаныш болып есімізде қалды. Мен осы қатарға Азамат Тасқара мен Саян Есжанның поэзиядағы өзгеше ізденістерін қосар едім. Екі ақын да жыл бойы қаламын суытпай «мінезді» өлеңдер жазды. Әдебиетке енді қадам басқан жастар үшін сәтті жыл болып есте қалды. Өзегімізді өртер өкініші Есенқұлдай асыл ағамызды мезгілсіз арамыздан «алдай-ай»-латып алып кеткені...

Келер жыл қазаққа табысты болары сөзсіз, себебі ат үстінде өскен көшпелі ел үшін жылқы жылы қадірлі жыл. Бар тілеріміз әр қазаққа қазан аттың шабысын, жылқының мінезін берсін дер едім. Қолына қалам ұстаған әдебиетші қауымға жазар көбейсін. Кеудемізге нан пісіріп, түкке де татымайтын болмашы дүниелерімізге буланып, өзімізді өзіміз «сезінуден» аулақ болсақ. Ізденіп, өз шамамызша жақсы дүнйелер жазсақ. Есімде әлде қандай етіп айтарлықтай қызық ештеңе қалмаған сияқты.

cуреттер: жеке мұрағат; vk.com; capa.me

Л. Лига