Франция жанкүйерін жұбатқан португалиялық бүлдіршін көпшіліктің жүрегін елжіретті

Футбол өтіп жатқан стадионға кірген жұрттың бір жарым сағаттан кейін қандай көңіл күймен шығатынын алдын ала болжап айту қиын. Бұл ойын сонысымен қызық. Жеңісі мен жеңілісі қатар жүретін футбол сол себептен де әлемдегі №1 спорт түрі болып есептелсе керек. 2016 жылғы Еуропа чемпионатының финалында Франция мен Португалия құрамалары кездесіп, дода қожайындары 1-0 есебімен жеңіліс тапқаннан кейін налыған француз жанкүйері достарының жұбатуына бой бермей тұрған еді. Расында, өзегіңді өкініш өртеп, жан дүниең астан-кестен боп жатқанда біреудің сөзіне құлақ асып, ақылын тыңдау  өте қиын. Дегенмен көпшіліктің арасынан бұл жігіттің назарын өзіне аудартып, жұбатқан жан табылды. Ол қарсы команданың жас жанкүйері болады деп кім ойлаған?