ХҮІІІ ғасырдың соңы – ХІХ ғасырдың басындағы Қазақ хандығы

ХҮІІІ ғасырдың соңы – ХІХ ғасырдың басындағы Қазақ хандығы

Абылай хан қайтыс болғаннан кейін Қазақ хандығы бытырап, әр жүзде жеке хандар сайланып, бұл хандар Абылай хан ұрпағы Уәли ханға бағынуға ниет білдірмеді. Әр жүздің өзіне тән тарихи-географиялық аймағы болды. ХІХ ғасырдың басында Кіші жүз Батыс Қазақстанның Сырдариядан батысқа Жайық пен Тобыл өзеніне дейінгі жерді алып жатты. Орта жүзге тән территория шығыста Қытай шекарасынан батыстағы Торғайға дейін, Ташкенттен оңтүстік Сібір жеріне дейін қамтыды. Ұлы жүз Жетісу, оңтүстік-шығыс және оңтүстік Қазақстан территориясын мекендеді.  

Табиғи - климаттық жағдай шаруашылық өмірдің барлық   қырынан байқалды. Ш.Уәлихановтың айтуы бойынша, “ертеден қазақтардың негізгі шаруашылығы мал шаруашылығы болған. Біз өмірімізді мал шаруашылығының ыңғайына қарай бейімдеп отырдық”. Көшпелі мал шаруашылығының негізгі өзіне тән айырмашылығы бір жерден екінші жерге көшіп-қонып отыруы болды (жайлау, күздеу, қыстау, көктеу). ХІХ ғасырдың басына қарай жеке рулар арасында жайлау мен қыстау жерлеріне бөлініс басталды. Қазақтардың көшпелі-жайылымдық шаруашылығының негізгі жүйесі экстенсивті сипатта болды. ХІХ ғасырдың басында қазақтардың шөп шабумен айналыса бастауы мал шаруашылығының тұрақтанып, оның табиғаттың қолайсыз жағдайына қарсыласуына мүмкіндік әперді. 

Қазақтардың шекара өңіріндегі орыс елімен сауда байланысының дамуында малдың жекеленген түрлері ерекше мәнге ие болды. Қой саудасы орыс және Орталық Азия көпестері тарапынан жоғары бағаланды. Ірі қара малдан ет, сүт, май өндіріп базарларға шығарып сата бастады. Түйенің көлік ретінде маңызы арта түсті. Бұхарадан Хиуаға бір жолғы жүк тасымалдау жағдайға қарай бір түйеге 35-50 сомнан 100 сомға дейін жетті.

ХІХ ғасырда қазақтардың жер шаруашылығымен айналысуы да кең дами бастады. Ұлы жүз ежелден жер шаруашылығымен айналысатын. ХІХ ғасырдың 30-жылдарында жер шаруашылығымен кедейлерден басқа ауқатты  қазақтардың да бір бөлігі айналыса бастады. Жетісуды, Балқаш көлінің және Ертіс өзендерінің жағасын мекендеген қазақтар – бидай, сұлы, арпа егіп, суармалы жүйе арқылы жақсы өнім алатын болған. ХІХ ғасырдың 40 жылдары шекара бойында тұратын Орта жүз қазақтарының бір бөлігі - жатақтар жер шаруашылығымен айналыса бастады. Әсіресе,  олар Көкшетау, Ақмола, Баянауыл округі және Сырдария аудандарында байқалды. Жер өңдеу құрал-жабдықтары дөрекі темір кетпен, ағаш, жер тырма және сирек кездесетін темір соқалар болды. Сырдария, Торғай  және Ырғыз өзендері жағалауында тұратын қазақтар бау-бақша егумен айналысты. Онда қарбыз, қауын, пияз, сәбіз, асқабақ, жүгері және т.б. көкөніс түрлерін екті.

Қазақтар ертеден балық кәсіпшілігімен, сонымен қатар аң аулаумен де (қасқыр, түлкі, қарсақ т.б) айналысты. Аң терілерін өз қажеттеріне жұмсап және орыс саудагерлеріне сатып отырды. Қазақтардың негізінен кедей бөлігі – жатақтар мен егіншілер балық шаруашылығымен айналысатын, олар балықты ау немесе сүзгіш арқылы ұстады.

Қазақтардың шаруашылығында түрлі қолөнер де ерекше орын алды. Тері өңдеу, оқ-дәрі жасау, ағаш немесе сүйектен, темірден  түрлі заттар жасау дами түсті. Әсіресе, киіз үйдің кереге, уық, шаңырағын жасайтын шеберлер ерекше бағаланды. Қазақтар үй шаруашылығына керекті шалғы, соқа, орақ сияқты кейбір заттарды темірден жасаған. Зергерлер күмістен түрлі әшекей бұйымдар жасап отырған. Суық қарудың барлық түрлерін, мылтықты да  жасай білген. Қазақ әйелдері текемет, киіз, сырмақ, тұмақтар, тондар, аяқ киім т.б. заттарды керемет жасаған.

Ұсталардың күмістен және теріден жасалған заттары ішкі базарларда сатылып немесе өздерінің шаруашылығына қажетті заттарды көрші елдермен айырбас жасады. ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Ресеймен айырбас сауда қатынасы дамыды. Сауданың негізгі тіректері Орынбор, Троицк, Петропавловск бекінісі, Пресногорьковск, Омбы, Семей және Орал болды. Ресейдің қазақтармен сауда қатынасы орыс тілін білетін саудагерлер немесе татар көпестерінің көмегі арқылы жүрді. Ішке тауар әкелу сыртқа тауар шығарудан басым болды. Сыртқа: мал және сүт өнімдері шығарылса, өздеріне қант, темекі, ыдыс-аяқ, шай, дәрі-дәрмек және т.б. заттар алып отырды.

Біртіндеп ішкі сауда дами бастады, бірақ ол негізінен айырбас түрінде болды. Айырбас саудасы тек қана рулар арасында ғана емес қазақ жүздерінің арасында да жүрді, ал кей жерлерде ақшаға да сауда жасалды. Айырбас сауданың дамуы барысында Қазақстанда несие сауда қатынасы кең қанат алды. Көпестер мен Сібір казактары заттарды қазақтарға несиеге  әкеліп беріп, көп жағдайда оларды алдап кетіп отырды. Қазақтар арасында арнайы сауда серіктестіктерін құрып, жоғары өсіммен несиеге ақша беріп отырған арнайы саудагерлер де пайда болды.

Ақша-тауар қатынасының дамуы кедей-батрақтардың пайда болуына әкелді. Ақша табуға жұмысқа кеткен көптеген қазақтар балық аулаумен айналысты, шеп бойындағы бай тұрғындарға жалданып түрлі жұмыстар істеді. Қазақтардың тек аз бөлігі ғана тау-кен өндірістерінде (Баянауыл таскөмір өндіру, Қарқаралы қорғасын, т.б.) жұмыс істеді. Шеп бойындағы орыс шаруашылығына жалданған қазақтардың жағдайы өте нашар болды, олар көп жағдайда еңбек ақыларын да дұрыс ала алмай, өз қожайындарының қанауына түсті.

Елдің шаруашылық жағдайының өзгеруі қазақтардың әлеуметтік қарым-қатынасына әсер етпей қоймады. ХVІІІ ғ. аяғы мен ХІХ ғ. басында қазақ қоғамында үстемдік құрушы ру старшындары мен билер болды. Олар елге әдет-ғұрып заңдарын сақтаушы әрі түсіндіруші болып саналды. Билер хандар және сұлтандармен қатар сот істеріне араласып, түскен пайданы бөлісуге, қоғамдық жерлерді біріктіру үрдісіне қатысып отырды.

ХІХ ғасырдың басында ру басшылары мен сұлтандар рудың жақсы қыстауымен және шабындық жерлерін пайдалану құқықтарымен ғана шектелмей жеке иеліктерді де басып алуға кірісті. Жақсы қауымдық жерлерді тартып алумен патша өкіметі де айналысты. Мұның бәрі қазақ руларының дәстүрлі қалыптасқан көшіп-қону жолдарының бұзылуына әкелді, бұл дәстүрлі мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырап,  жайылымдық жерлердің құлдырап, шаруашылық құрылымының өзгеруіне себеп болды. Қарапайым қазақтар салық төлеуге міндеттелді. Егінді жерлерден «үшір” (жиналған өнімнің 10-нан бір бөлігі) салығын, «зекет» (жиналған малдың 40-шы бөлігі) ханға берілетін болған. ХІХ ғасырға дейін зекет жинау құқығы тек ханда ғана болса, ХІХ ғасырдың 20-жылдарында хандық билік жойылған соң сұлтандар мен билер жинайтын болды. ХІХ ғасырдың І жартысында осы екі салық түрі жиі жиналып тұруы және олар міндетті болды. Оған кейін мал шаруашылығына міндеткерліктер «соғым» және «сыбаға» т.б. сипаттағы салықтар қосылды.

ХІХ ғасырдың І жартысында бай туыстары мен казак-орыстардан, орыс шаруларынан  жұмыс іздеуге мәжбүр болған кедейленген қазақтар саны өсті. И.Завалишин: “жатақтар байларға малшы болып жалданды, батрақтар шеп бойындағы казак-орыстарға, шеп бойындағы қалаларда олар тіптен топтарымен бір жапырақ нан үшін жалданып жұмыс істеді”, - деп көрсетеді. Кедей қазақтар атқарған істеріне қарай егіншілер, жатақтар және бақташыларға бөлінді.

Үстемдік етуші топқа мұсылмандықтың өкілдері қожалар мен молдалар да кірді, қожалар өздерін Мұхаммедтен тараған бірінші ұрпақтың тұқымдарымыз деп есептеді. Олар рухани лауазымның өкілдері ретінде салықтан босатылды және тек сұлтандар сотына тартылатын болды.

Мұндай артықшылықтарды тархандар да иеленді. Бұл атақты ХІХ ғасырда олардың мемлекет алдындағы ерекше қызметі үшін Ресей өкіметі мен Ішкі Ордада – хан беретін болды.  Алғашқы «тархан» атағын билер Ж.Сегирбаев және Ж.Саламысовқа «Хиуаға жасаған жорықтарда көрсеткен ерекше миссиясы үшін» 1821 әскери губернатор граф Эссен берді. 1743 ж. императрица Елизаветаның жарлығымен «тархан» атағы Жәнібек батырға берілген болатын. «Тархан» атағы жеке және мұрагерлікке берілу мүмкіндігі болды. ХІХ ғасырда «тархандардың» ерекше артықшылықтары болмады, олар тек салықтан босатылды. ХІХ ғасырдың 60-жылдарында тархандар саны 20-дан аспады, тархандар институты жойылу шегінде тұрды.

Қазақ қоғамдық-саяси өмірінде ерекше орынға ие болған топтың бірі батырлар болды. Алғашқыда батырлар тайпалар мен рулардың әскер басшылары болса, кейін жоңғарлармен және Орта Азиялық жаулаушылармен болған күресте батырлардың әлеуметтік рөлі ерекше жоғарылап  ру ақсақалдары деңгейіне көтерілді. Ш.Уәлиханов: “Батырлар - қазақтарда рубасы сұлтандардан кейін атақты әрі маңызды адам ... Ол ел арасында ықпалды, берген кеңесі елде әрқашанда салмақты болды”, - деп көрсетеді.

ХІХ ғасырдың ортасында қазақ қоғамында тауар-ақша қатынасына байланысты жаңа әлеуметтік топ - байлар пайда болды. Қазақтардың арасында ірі сауда қатынастарын жүргізетін бірқатар байлар болды. Олар заттарды сатып қана қоймай, басқа адамдарға несиеге өсіммен ақша берді. Мысалға, Ахмет Жантөрин сауда жасап қана қоймай, белгілі бір табыс үшін қандайда бір шаруамен айналысамын деген қазақтарға несиеге ақша беріп отырған. Байлар сұлтандар мен рубасылар арасынан да, «қара сүйектер» ортасынан да шықты. Байлар белгілі келісім бойынша жұмысшыларды жалдап отырды. Байлар  керуендік саудамен де айналысқан. Кейде байлардың өзі керуенбасы болып қызмет етіп, қазақ даласында сауда жасаған, бірақ көбінесе түйелерін қарапайым қазақтарға белгілі бір ақыға беріп, олардан ақыны ақшалай, кейде заттай алып отырған. ХІХ ғасырдың басында байлардың шығуы қазақ қоғамында жаңа экономикалық құбылыс болды.

Форумда талқылау

Суреттер kk.wikipedia.org, alashainasy.kz, thenews.kz, baq.kz, turan.info сайттарынан алынған

Ж. FM