"Астана арландары" үндістерден басым түсті

"Астана арландары" үндістерден басым түсті

Қазақстандық "Астана арландары" кеше Алматыдағы "Достық" спорт кешенінде Үндістаннан келген әріптестермен сынға түсіп, қонақтарды 4-1 есебімен тізе бүктірді. Естеріңізге сала кетсек, WSB аясында ұйымдастырылып жатқан жарыста Үндістан, Ресей, Франция мен Қазақстанның былғары қолғап шеберлері өнер көрсетіп жатыр.

54 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Міржан Рахымжанов пен Үндістанның намысын қорғап жатқан Иван Ильнитский шаршы алаңға шығып, бақ сынасты. Бұл айқаста екі боксшы тең дәрежеде өнер көрсеткенімен, біздің спортшы әріптесінен басым түсті. Жарыстың екінші айқасында 61 келіге дейінгі дәрежеде Самат Бәшенов пен филиппиндық боксшы Чарли Суарез жұдырықтасты. Кездесудің басында үндістандық қонағымыз жойқын соққыларымен көзге түскенімен, отандасымыздың техникалық дайындығы әлдеқайда жоғары болды. Айқастың 4 раундында Самат Бәшенов бірнеше жақсы шабуыл жасап, қарсыласын жеңді.

73 келіге дейінгі дәрежеде "Mumbai Fighters" клубында өнер көрсетіп жатқан Константин Снигоур Рустам Сыбайдан басып түсіп, жеңіс тұғырына көтерілді. 85 келіге дейінгі дәрежеде Абдельхафид Беншабла мен үндістандық Рахул Кумар  жұдырықтасты. Астаналық арлан өз әріптесін үшінші раундта техникалық нокаутпен есінен тандырып, жеңіске жетті. "Арландардың" намысын қорғап жүрген тағы бір Алжир боксшысы Шуайб Боулоудинатс молдован Михаил Мунтяннан басым түсіп, жеңісті бірінші раундта-ақ қанжығасына байлады.

Бүгін Ресей мен Қазақстанның былғары қолғап шеберлері кездеспек. Жігіттерімізге сәттілік тілейік.

Сурет tengrinews.kz cайтынан

Форумда талқылау