Әзіліңіз өтпей қала берсе...

Әзіліңіз өтпей қала берсе...

Достарыңыздың арасында отырғанда әзіліңіз "өтпей" қала бере ме? Серіктестеріңіздің қалжыңдарын түсінбей қалатын кездеріңіз жиі болып тұра ма? Бұны тоқтатудың кезі келді! Әдемі әзілдей біліңіз.

Өмірдің теріс сәттерінен сабақ алып, жағымды жақтарын байқап үйреніңіз. Әзілқой адамдар көбіне оптимист болып келеді. Жұмыстан қуылдыңыз ба, қайғыға салынудың қажеті жоқ, "Одан жақсысын табамын" немесе "Демалатын болдым" деп қуануыңызға болады. 

Өз-өзіңізге күле біліңіз. Бұл - ең дұрыс әдіс. Өзіңізге күле білсеңіз, айналаңыздағылар да сізді тез қабылдайды. Әрі өзіңізге деген ішкі сенімділік пайда болып, сізді тәкаппар тұлға деп  ұнатпайтындар да азаяды.

Өмірге сәбидің көзімен қараңыз. Балалардың кез келген нәрсеге көзқарасы жеңіл болып келеді. Үнемі жақсы жақты көруге тырысыңыз.

Әдеттегіден жиірек күліңіз. Кейде бәрі де сіз ойлағандай болмауы мүмкін, сонда да саспаңыз! Тек алға қадам басуды біліңіз! 

Күлімсіреп, жымиып жүруді әдетке айналдырыңыз. Миыңыз сіздің жақсы көңіл-күйіңізге икемделіп, кез келген жағдайдың жақсы жағын іздеп үйренеді. 


Күлкілі жағдайда ақылсыз болып көрініп қаламын деп қорықпаңыз. Кейде әзілдеріңіз орынсыз әрі онша күлкілі болмаса да, айта беріңіз. Осылайша жаттығатын боласыз. 


Қалжың әңгімелерді оқып, есіңізге сақтап жүріңіз. Достарыңыздың арасында отырғанда қысылмай орынды жерде әзілдеріңізді айтып жіберіңіз. 

Жақсы деген комедияларды көбірек көріңіз. Ең жақсысы -  классикалық комедиялар: "Менің атым Қожа", "Девушка-джигит". Олар тек көңілді көтеріп қана қоймай, қалжыңбас болуыңызға септігін тигізеді. 

Сондай-ақ, күлкілі әдеби шығармаларды оқуды әдетке айналдырыңыз!

Бастысы - өзіңізге сенімді болсаңыз, көп ұзамай әзілқой атануыңыз ғажап емес. 

Суреттер: rzhunimogu.do.am, 1001vopros.com, my.volya-naroda.ru 

С. А