Воллейбол ойыны

Воллейбол ойыны

Воллейбол ойыны қазақ жеріне 1929 жылдан бері белгілі. Бірақ сол кездегі ойын қазіргі бізге үйреншікті воллейболдан қатты ерекшеленетін, ойыншылар әйтеуір допты бір-біріне беріп, қарсыластың алаң бөлігіне жеткізсе болды, ойын мәресіне жететін. 1929 жылы қыркүйек айында республикалық дене тәрбиесінің ұйғарымы бойынша спорт ойындарынан жарыс өткізілген. Воллейбол да назардан тыс қалмады.Сол уақытта Бішкек пен Алматы қалаларының арасында жолдастық кездесулер ұйымдастырылып, еліміздегі воллейболдың дамуы жаңа қадам басты. Мұндай кездесулер мемлекеттің қолдауымен қатарынан бірнеше рет ұйымдастырылған. Қалааралық кездесулердің бірінде Шымкент пен Алматының командалары жарыс алаңына шығып, өнерлерін көрсетті. Нәтижесінде 15:17 және 15:6 есебімен біздің ОҚО воллейболшылары жеңіске жеткен.

Әйелдер құрамасы

1933 жылдың 30 қыркүйек пен 6 қазан аралығында елімізде 2 республикалық спартакиада ұйымдастырылып, бұл жарыстың бағдарламасына да воллейбол ойыны кірді. Бұл дүбірлі додада «СКИФ» чемпиондық тұғырдан көрінсе, алматылық «Авангард» екінші орынды қанағат тұтты. Қола медаль «Медик» командасының қоржынына салынды. 1954 жылдан бастап республикада ведомствоаралық жарыстар  өткізіліп, бұл додаларда «Б» ерікті спорт қоғамының командасы үздік өнер көрсетіп, қарсыластарын тізе бүктірген. Кейін келе бұл команда «А» класстағы топқа өткен. Осы команда 1963 жылы елімізде өткен 3 спартакиадаға қатысып, Әзірбайжан, Эстония, Беларуссия құрамаларын тізе бүктірсе, Украина тобынан жеңіліс тапты. Ақтық сында құрамамыз Ленинград құрамасын 3-1 есебімен жеңсе, грузин командасы мен мәскеулік воллейболшылардан жеңіліс тапты. Осы жолы командамыздың бағы жанбай, тек 5 орынды қанағат тұтты. 1969 жылы Алматының «Б» командасы еліміздің кәсіподақтарының біріншілігінде жеңімпаз атанды. Екі жылдан кейін біздің команда Еуропа кубогінде керемет ойын көрсетіп, чемпион атанды.Осы табыстардан кейін алматылық воллейболшылар Кравченко мен Антропов КСРО-ның құрама командасына қабылданып, Мехикодағы олимпиада ойындарынан алтын медальмен елге оралған. Біздің әйелдер құрамасында өнер көрсеткен Смолеева алтыннан алқа таққан.
Тәуелсіздік алған соң, воллейбол клубтары құрылып, ҚР чемпионаттары мен түрлі жарыстар ұйымдастырыла бастады. Бұған қоса, елімізде жыл сайын Президент жүлдесі үшін турнирлер өткізіліп келеді. Осы жарыстар воллейболшыларымыздың шеберліктерін шыңдауға үлес қосуда.

Суреттер ukgu.kz, thenews.kz сайттарынан

Форумда талқылау