Samsung Galaxy Note 4 УК-сенсорымен жабдықталмақ

Samsung Galaxy Note 4 УК-сенсорымен жабдықталмақ

Samsung тағы да өз тұтынушыларын таңғалдыруды көздеп отыр. Бұл кез Galaxy Note смартфонының төртінші ұрпағы ультакүлгін сәулелері бар сенсормен жабдықталады, деп хабарлайды sammobile.com сайты.

Компанияның ресми сайтында берілген ақпаратқа орай, жаңа смартфондағы УК-тетік радиацияның деңгейін бірқалыпты бақылауда ұстайтын болады. Ал смартфондағы S Health қосымшасы өз иесіне пайдалы кеңестер беріп отырады. Егер корейлік компания шын мәнінде ультракүлгін сенсорлы смартфон жасап шығара алатын болса, онда Galaxy Note 4 әлемдегі УК-тетігі бар жалғыз смартфон болмақ.

Соңғы ақпараттарға сүйенер болсақ, Galaxy Note 4 2,5 ГГц жиілікке (Galaxy S5 LTE-A смартфоны секілді) ие Qualcomm Snapdragon 805 немесе жаңа Exynos процессорларымен қамтылуы мүмкін. Оның дисплейі 5,7-дюймді диагональға ие болып, оперативті жадысы 3 Гбайт және қосалқы жадысы 32-Гбайт болады. Ал негізгі камерасы 16-Мегапиксель және алдыңғы камерасы 3,68-Мегапиксельмен фотоға түсіре алатын болады.

Естеріңізге сала кетейік, Samsung өзінің жаңа аппаратының анонсын қыркүйек айының басында жасайды. Ал өнімнің өзі анонстан кейін сатылымға бірден шығады деп жоспарланған.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет:  www.sammobile.com

Ж. Өрісбай