Бұл қызық: Murata құлтемірлері әдемі чирлидинг көрсетті

Бұл қызық: Murata құлтемірлері әдемі чирлидинг көрсетті

Жапондық Murata Manufacturing компаниясы қарапайым қыздардың қуыршағына техникалық жаңғырту енгізіп, халықтың назарын аудартуға бел буыпты. Ол үшін шардың үстінде қозғалатын құлтемір-чирлидер жасап шығарған.

Орнатылған гироскоптар мен инфрақызыл тетіктер құлтемірлерге би кезінде синхрондық пен тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Дөңгелектердің орнына Murata құлтемірлері қозғалыс кезінде ауытқуға жол бермейтін шарларды қолданады. Тік күйдегі біркелкі қозғалысты үш гироскопиялық тетіктер қамтамасыз етеді екен.

Осыған ұқсас гироскоптар сандық камераларда, навигациялық жүйелерде және көліктің жолдағы ауытқу үдерістеріне төтеп беретін тұрақтылықтың электронды бақылауында қолданылады.

Оған қоса, әрбір құлтемір қоршаған ортаны толық игеру мүмкіндігіне арнайы қондырылған төрт инфрақызыл тетіктері мен бес ультрадыбыстық микрофондары арқылы қол жеткізген. Айта кетсек, дыбыстық және жарықтық толқындарға бағыттала тұра, құлтемір айналадағы 16 шаршы метр аумақты тексере алады.

Одан бөлек, Murata Киото университетінің жанындағы Matsuno зертханасымен біріге құлтемірлердің топтық қозғалу мүмкіндігін жетілдірген. Құлтемірлердің бірегей байланысы сымсыз ақпарат тарату толқыны арқылы іске асырылып, арнайы бағдарлама арқылы бақылауда тұрады екен. Зерттеушілердің пайымдауынша, бұл жоба алдағы уақытта транспорттық жүйені реттеуге бағытталмақ.

Айта кетсек, Murata чирлидер-құлтемірлері Токио қаласында 7-11 қазан аралығында өтетін CEATEC-2014 көрмесінде таныстырылатын болады.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: edo-tokyo.livejournal.com

Ж. Өрісбай