3D технологиясы туралы біле жүріңіз

3D технологиясы туралы біле жүріңіз

Голливуд киноиндустриясында 3D технологиясы жүзеге асырыла бастағаннан бері (Джеймс Камеронның «Аватар» фильмі), 3D форматтағы фильмдерге қызығушылық арта түсті. Біз қоршаған ортамызды үш өлшемді немесе 3D (ағылшынша «dimension» - өлшем) көлемінде көреміз. Ал ендеше неге теледидарды 2D нұсқада көруге тиіспіз?

3D технологиясы бізде бұрыннан белгілі. Дегенмен, ол тым күрделі болғандықтан, өткен ғасырда қолданысқа ене алмады. Қазіргі кезде тұрмыстық техника жасаумен айналысатын компаниялар 3D жобасына аса көп көңіл бөлуде.

 

Біз неге 3D кескінмен көреміз?

Оның жауабы өте қарапайым. Біз қоршаған ортаны екі көзіміздің көмегімен көреміз (бинокулярлы көру). Ал ол екеуінің арасы шамамен 5 см-ді құраса, екеуі екі түрлі пішінді қалыптастырады. Егер сіз бір көзіңізді қолыңызбен жауып, екінші көзіңізбен алдыңыздағы пернетақтаға (клавиатура) қарасаңыз да, қолыңызды ауыстырып, тағы қарасаңыз да екі жағдайда да сол бір кескін секілді көрінеді. Дегенмен, бұл екі кескіннің екі түрлі бұрыштан алынғанын біз байқай бермейміз. Бұл құбылыс параллакс деп аталады және ол нысанды тереңдеп көру кезінде маңызды рөл атқарады. Ал адамның миы алынған екі кескінді біріктіріп, қалыпты бір сурет етіп береді. Ғалымдардың айтуынша, егер адам баласында екі ми болғанда, көз кез-келген затты екеуден көрер еді.

3D көзілдіріктер

1853 жылы неміс өнертапқышы Вильгельм Роллман осы идеяны алғаш алға тартқан болатын. Қазіргі дамыған заманда 3D кескінді екі жолмен алуға болады. Арнайы жасалған көзілдіріктер арқылы және қарапайым көздің өзі арқылы. Дегенмен, екінші тәсілі әлі толық жүзеге асқан жоқ. Жапондар осы жылдың соңына дейін көзілдіріксіз 3D теледидарды көре беруге болатын мүмкіндікті іске асырмақшы.

Дайындаған: Жолдас Өрісбаев

Сурет: www.infoniac.ru

Ж. Өрісбай