Иса Ақбербаев кезекті жеңісіне қол жеткізді

Иса Ақбербаев кезекті жеңісіне қол жеткізді

IBO Intercontinental тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы Әлем чемпионы, қазақстандық Иса Ақбербаев кәсіпқой бокстағы кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Жерлесіміз америкалық боксшы Джоанни Сарранға қарсы өткізген жекпе-жегін төртінші раундта техникалық нокаутпен аяқтады.

Орта салмақтағы WBA (Super) және IBO тұжырымдарының әлем чемпионы, отандасымыз Геннадий Головкин қазақстандық боксшыны қолдау үшін кездесуге арнайы қатысты.

Иса Ақбербаевтің кездесуі АҚШ-тың Санта-Моника қаласында франциялық Хассан Н’Дам Н’Жикам мен америкалық Кертис Стивенс арасындағы бокс кеші аясында ұйымдастырылды.

Джоанни Сарран – кәсіпқой рингте 12 жекпе-жек өткізген. Оның бесеуінде жеңіске жетіп, бір кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Жеті кездесуде жеңілген және үш жекпе-жегінде нокаутқа ұшыраған.

Иса Ақбербаев бұл жеңісі арқылы кәсіпқой бокстағы 13-ші жеңісіне қол жеткізді. Ол өзінің соңғы жекпе-жегінде кениялық Моррис Околоны жеңген болатын. Кәсіпқой бокстағы спорттық мансабын 2009 жылы бастаған жерлесіміз әзірге қарсыластарынан опық жеп көрген жоқ.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: vesti.kz

Н. Айдархан