Қазақстандық шахматшылар үшінші орын алды

Қазақстандық шахматшылар үшінші орын алды

Оңтүстік Африка Республикасының Дурбан қаласында шахматтан өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Динара Сәдуақасова чемпион атанды. Ал жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс жүлдемен үшінші орынға тұрақтады.

18 жасқа дейінгі қатысушылар арасында Динара Сәдуақасова екінші орын алған неміс Османоджа Филизден 1,5 ұпай артық жинады. Отандасымыз осыған дейінгі жарыстарда да еліміздің атын танытып келеді. Ал күміс медальды 10 жасқа дейінгі қатысушылар арасында Бибісара Асаубаева жеңіп алды. Ол мүмкін болған 11 ұпайдың 10-ын иеленді. Бірінші орын алған үндістандық шахматшы да 10 ұпай иеленген-ді. Тек қосымша көрсеткіштер нәтижесінде қарсыластың айы оңынан туып кетті. Сонымен қатар, бұл санаттағы сында Назерке Нұрғали да жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Ол 5-ші орыннан көрінді.

14 жасқа дейінгі санаттағы жарыста Арнаш Бауыржан 6-шы орыннан көрінсе, 12 жасқа дейінгі шахматшылар арасында Әсел Серікбай 7,5 ұпаймен 11-ші орынға тұрақтады. Ал ұлдар арасында 16 жасқа дейінгі санатта бақ сынаған Жанат Сайын 10-шы орынды қанағат тұтты. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: kazchess.kz

Ө. Сансызбай