Премьер-лига. «Қайрат» көштен ұзай түсті

Премьер-лига. «Қайрат» көштен ұзай түсті

Футболдан ел премьер-лигасының ХХVII тур ойындары мәресіне жетті. Назарларыңызға кездесулерге шолуымызды ұсынамыз.

Чемпиондық атақ сарапқа салынатын алғашқы алтылықтағы таласта алматылық «Қайрат» жеке дара көш бастауға талпыныс жасап келеді. Клуб маусым басын сәтсіз бастағанмен, аяғын сәтті аяқтауға қадам жасап отыр. Өз алаңында «Ақтөбені» қабылдаған Владимир Вайсс шәкірттері екі доп басымдығымен жеңіске жетіп, «Астанадан» алты ұпайға ұзады. Бірінші таймда Исаэль тепкен допқа Андрей Сидельников тосқауыл бола алмаса, екінші таймда талантымен жанкүйерлерді тәнті етіп жүрген Бауыржан Исламхан гол авторы атанды. Нәтижесінде 60 жылдық мерейтойын тойлап жатқан клуб өз алаңындағы сегізінші ойынында қатарынан жеңіске жетті.

Қарағандылық «Шахтер» өз алаңында шымкенттік «Ордабасыға» есе жіберді. Өткен маусымда қазақ футболының тарихында Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығып, айды аспанға шығарған «кеншілердің» бұл маусымдағы ойыны оңалмады. Келер маусымда еурокубок ойындарынан тыс қалуы да ғажап емес. Қазіргі таңда 20 ұпаймен алғашқы алтылықты қорытындылап тұр. Ал шымкенттік клуб үш ұпайды қоржындарына салып, чемпиондық атаққа таласпаса да, еурокубок ойындарына қатысуға мүмкіндік алу үшін белді бекем буып отыр.

«Шахтер» (Қарағанды) – «Ордабасы» (Шымкент) 2:3 (0:2)

Голдар: Нұрғалиев 44 (0:1), Төлебек 45 (0:2), Топчагич 60 (1:2), Бейсенов 67 (1:3), Топчагич пенальтиден  90 (2:2)

Қызылордада жергілікті «Қайсар» елордалық «Астанамен» тең тарқасты. Дмитрий Огай шәкірттеріне жеңісті уыста ұстап қалуға да болар еді. Бірақ, елордалық клуб мүмкіндік бермеді. Ойындағы есепті Антон Землянухин ашқан. 54-минутта пенальти орындай алмаған Рохер Каньяс кездесудің соңғы сәттерінде таразы басын теңестіріп, өз айыбын жуды.

Екінші алтылықтағы үш ойында да тең есеп тіркелді. Павлодарлық «Ертіс» өз алаңында «Таразбен» 0:0 есебімен тең тарқасса, «Жетісу» мен «Тобыл» кездесуінде де есеп ашылмады. Семейлік «Спартак» бірінші лигаға түсіп қалмау үшін соңғы ойындарында ұпай еншілеуге тырысып келеді. Бұл турда түзде «Атыраумен» тең ойнады. Бірінші болып «Спартак» сапынан Неманья Йованович есеп ашқан-ды. Араға 4 минут сала жергілікті команданың шабуылшысы Милош Трифунович нәтижені теңестірді. Сонымен қатар, сербиялық легионер премьер-лигадағы үздік сұрмергенер көшін бастады.

Ел премьер-лигасының ХХVІІІ тур ойындары 3-4 қазан күндері өтеді.

3 қазан

«Жетісу» - «Тараз»

4 қазан

«Астана» - «Ақтөбе»

«Қайсар» - «Ордабасы»

«Шахтер» - «Қайрат»

«Ертіс» - «Атырау» 

«Тобыл» - «Спартак»

Турнир кестесі

 № Командалар  Тур  Жеңіс  Тең  Жеңіліс  Голдар  Ұпай 
1  Қайрат 26 17 3 6 52-21 33
2  Астана 25 12 10 3 42-18 27
3  Ақтөбе 25 12 9 4 35-20 24
4  Қайсар 27 9 11 7 25-26 22
5  Ордабасы 26 11 5 10 27-31 21
6  Шахтер 27 11 5 11 37-39 20

7-12 орындар

7  Жетісу 27 8 8 11 18-24 19
8 Атырау 27 8 7 12 25-33 19
9  Ертіс 27 7 9 11 33-40 18
10  Тараз 27 7 6 14 25-38 18
11  Тобыл 27 7 10 10 27-33 15
12  Спартак 27 5 7 15 24-47 15

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: kff.kz

Ө. Сансызбай