Иса Ақбербаевтің келесі қарсыласы анықталды

Иса Ақбербаевтің келесі қарсыласы анықталды

IBO Intercontinental тұжырымы бойынша бірінші ауыр салмақтағы Әлем чемпионы, қазақстандық Иса Ақбербаевтің келесі қарсыласы анықталды.

30 жастағы жерлесіміз келесі жекпе-жегін америкалық боксшы Джоанни Сарранға қарсы өткізеді. Кездесу 1-ші қазан күні АҚШ-тың Санта-Моника қаласында өтеді. Иса Ақбербаевтің кездесуі франциялық Хассан Н’Дам Н’Жикам мен америкалық Кертис Стивенс арасындағы бокс кеші аясында ұйымдастырылып отыр.

Джоанни Сарран – кәсіпқой рингте 12 жекпе-жек өткізген. Оның бесеуінде жеңіске жетіп, бір кездесуін мерзімінен бұрын аяқтаған. Жеті кездесуде жеңілген және үш жекпе-жегінде нокаутқа ұшыраған.

Ал, Иса Ақбербаев кәсіпқой бокстағы спорттық мансабын 2009 жылы бастады. Ол өзінің соңғы жекпе-жегінде кениялық Моррис Околоны жеңген болатын. Қазақстандық боксшы үшін алдағы кездесу кәсіпқой бокс алаңдағы 13-ші жекпе-жегі болады. 5 жыл көлемінде 12 жекпе-жек өткізген жерлесіміз әзірге қарсыластарынан опық жеп көрген жоқ. Иса 12 жекпе-жектің 7-еуінде қарсыласын нокаутқа түсірген.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: vesti.kz

Н. Айдархан