Зарина Диас WTA рейтингісінде 40-шы орнын сақтап қалды

Зарина Диас WTA рейтингісінде 40-шы орнын сақтап қалды

Қазақстандық теннисші Зарина Диас бүгін жаңарған WTA рейтингісінде 40-шы орнын сақтап қалды.

Жиырма жастағы қазақ қызы АҚШ-тың Ашық біріншілігіне (US Open) қатысып, үшінші кезеңге дейін жеткеннен кейін, әлемдегі ең үздік 40 теннисшінің қатарына енген болатын. Зарина бұл жетістігі арқылы спорттық мансабындағы ең үздік көрсеткішке қол жеткізіп отыр.

Зарина Диас бүгінде Қазақстанның бірінші ракеткасы саналады. Бұған дейін қазақстандық теннисшілердің WTA рейтингіндегі ең үздік көрсеткіші – 46-шы орын болатын.

Қазақстандық басқа да теннисшілер арасыннан Юлия Путинцева үш саты жоғарылап, 127-ші орынға жайғасса, Сесиль Каратанчева да 121-ші орыннан 118-ші сатыға көтерілді. Галина Воскобоева бұл жолы тағы да бірнеше орынға құлтырады, ол 176-шы орыннан 193-ке түсіп қалды. Ал, Қазақстанның бұрынғы бірінші ракеткасы Ярослава Шведова өзінің бұрынғы орынын сақтап қалды. Ол алдымыздағы рейтингте 65-ші орында тұрған болатын.

Естеріңізге сала кетсек, Зарина Диас Қытайда WTA сериясындағы теннис турнирінде бақ сынап жатыр. Турнирдің екінші кезеңіне өткен жерлесіміз әлемнің сегізінші ракеткасы, германиялық Анжелик Кербермен кездеседі.

Осы орайда қазақстандық қос теннисші Зарина Диас пен Юлия Путинцева WTA тағайындаған «Теннистің жарық жұлдызы» сыйлығына үміткерлер қатарына енгенін қаперлеріңізге береміз.

WTA биылғы жылы жоғары жетістікке жеткен 23 жасқа дейінгі теннисшілерді іріктеп алып, «Әлем» және «Азия-Тынық мұхит» атты екі топқа бөлген болатын. Әр топтан көп дауыс жинаған екі теннисші іріктеліп алынып, жыл соңында Сингапурдегі қорытынды турнирде кездесу өткізеді.

Зарина WTA-ның «Rising Star Poll» дауыс беру байқауында әзірге екінші орында келеді. Алғашқы орында - австралиялық Оливия Роговска. Ал, Юлия Путинцеваның алтыншы орында тұр.

Қазақстан намысын қорғап жүрген қос теннисшімізге дауыс беріңіздер. Дауыс беру тетігі мына жерде. 

Дауыс беру 3 қазанда аяқталады.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: wtatour.ru

Н. Айдархан