Чемпиондар лигасы. «Порту» мен «Рома» ірі есеппен жеңіске жетті

Чемпиондар лигасы. «Порту» мен «Рома» ірі есеппен жеңіске жетті

Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің бірінші кездесулері де аяқталды. Назарларыңызға екінші күні өткен ойындар нәтижесін ұсынамыз.

«Е» тобы

Римде жергілікті «Рома» мәскеулік «ЦСКА»-ны қабылдап, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қонақтар қақпасына бес бірдей доп тоғытқан Руди Гарсия шәкірттері бір рет қана өз қақпаларынан допты алып шықты.

Мюнхендік «Бавария» өз алаңында «Манчестер Ситиді» соңғы минутта сан соқтырып кетті. Ал 90 минут бойғы алма-кезек шабуылда да алаң иелерінің басымдығы байқалған болатын. Бірақ, бұл кездесуде Англия құрамасының қақпашысы Джо Харт командасын жеңілістен құтқарып қала алмаса да, ірі есеппен ұтылудан аман сақтап қалды.

«F» тобы

Түзде «Аякспен» кездескен «ПСЖ» 1:1 есебімен тең тарқасты. Бірінші таймда Эдинсон Кавани командасын алға шығарса, екінші таймда алаң иелері қатарынан Лассе Шене таразы басын теңестіріп кетті.

Каталондық «Барселона» бүгін «АПОЭЛ»-ды жүндей түтеді деп ойлаған жанкүйерлердің ойы мүлде теріс болды. Жерар Пикенің соққан жалғыз голы Луис Энрике командасына үш ұпай сыйлады.

«G» тобы

«Шалькені» қалпақпен қағып алмақшы болған «Челсидің» дегені болмады. Соңына дейін ұпайға таласқан гелзенкирхендік ұжым Лондоннан бір ұпай еншілеп қайтты.

Бұл топтағы екінші ойында да 1:1 есебі тіркелді. «Мариборда» қонақта болған лиссабондық «Спортинг» бір ұпайды қанағат тұтты.

«Н» тобы

Топтық кезеңнің бірінші ойындарындағы ең ірі есепті «Порту» тіркеді. Бүгін өз алаңында «БАТЭ»-ны қабылдаған алаң иелері беларустық клубтың қақпасына алты допты тоғытты.

Бильбаода жергілкті «Атлетик» донецкілік «Шахтермен» тең тарқасты. Бұл ойында есеп ашылмады.

Чемпиондар лигасы топтық кезеңінің екінші ойындары 30 қыркүйек пен 1 қазан күндері өтеді. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

О. Сансызбай