Чемпиондар лигасы. Месси Роналдуды басып оза ала ма?

Чемпиондар лигасы. Месси Роналдуды басып оза ала ма?

Бүгін Чемпиондар лигасының екінші күніндегі кездесулер өтеді. Ал, біз әдеттегідей ойындар алдындағы шолуға кезек береміз

Еуропаның басты бәсекесінің бірінші күнінде жанкүйерлер есінде қалатын айтарлықтай оқиғалар орын алды. Мадридтік «Реал» еурододадағы 201-ші кездесуінде 1000-шы голын соқты. Бұл доптың авторы – француз Кәрім Бензема болды. Ал команданың сұрмергені Криштиану Роналду еурододаның сұрмергендер көшінде Филиппо Индзаги мен Лионель Мессиді басып озды. «Корольдік клуб» шабуылшысының еншісінде 68 гол бар. Әзірге бұл меженің рекорды Рауль Гонсалеске тиесілі. Ол еуродода ойындарында 71 гол соққан. Не де болса осы маусымда Месси-Роналду жұбының бірі Рауль рекордының мұртын бұзары анық.

Бүгін түнде 2014/2015 жыл маусымындағы Чемпиондар лигасының екінші күніндегі сегіз кездесу өтеді. «Е» тобында римдік «Рома» өз алаңында мәскеулік «ЦСКА»-ны қабылдайды. Ал бұл топтағы екінші ойын бүгін түндегі басты кездесу болмақ. Ол кездесу «Бавария» мен «Манчестер Сити» арасында өтеді. Айта кетейік, өткен маусымда «Ромадан» өзге үш клуб бір топта өнер көрсеткен болатын.

«Рома» (Италия) – «ЦСКА» (Ресей)

«Мәңгілік қала» футбол ұжымы өткен маусымда өз алаңында бір рет қана жеңіліс тапты. Онда да чемпион атанған туриндік «Ювентустан». Руди Гарсияның қызметке келуімен «Романың» жағдайы жақсарды. Бірден Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнауға мүмкіндік алды. Бүгін түнде ресейлік «ЦСКА»-ға ұпай ұстатып жіберуі екіталай. Футбол мамандарының пікірінше, екі клуб Еуропа лигасында бақ сынау үшін таласатын болады.

«Бавария» (Германия) – «Манчестер Сити» (Англия)

Бұл қос клубтың жолы соңғы төрт маусымның үшеуінде түйісті. Өз алаңдарында ұпай сыйлап жіберген сәттері де жетерлік. «Бавария» бүгін фаворит саналғанмен, ағылшындық клубтың да айтары барын ұмытпаған абзал. Оның үстіне соңғы кездері Хосеп Гвардиола ойын жүйесінде көп экспериментке барып жүр. Командада жарақат алған ойыншылар да көп. Орталық алаң бөлігінде ойнайтын Швайнштайгер, Тиаго Алькантара мен Хави Мартинестің жоқ болуымен қоса, бүгін Рибери де жарақатына байланысты ойынға қатыса алмайды. Қонақтар қатарынан Йоветич пен Фернандо ойнай алмаса, Яя Туре жарақатынан айығып қатарға қосылды. Осының барлығын ескерер болсақ, «Манчестер Ситидің» жеңіле салуы неғайбыл.

«F» тобында бүгін «Аякс» өз алаңында «ПСЖ»-мен кездеседі. Каталондық «Барселона» АПОЭЛ-ды қабылдайтын болады.

«Аякс» (Нидерланды) – «ПСЖ» (Франция)

Қос ұжым да сылбыр ойнайтын командалардың қатарынан емес. Жылдам шабуыл сәттерінде гол соғуға ұмтылатын ұжымдар. Француз футбол клубы фаворит саналғанмен, бір жолдамадан үмітті «Аякс» бүгін ұпай жоғалтпауы тиіс.

«Барселона» (Испания) – «АПОЭЛ» (Кипр)

Кипр клубтарынан жеңілмеген «Барселона» мен испаниялық клубтарды жеңбеген «АПОЭЛ» ойынының фавориті айтпаса да белгілі. Жанкүйерлер көкейінде «Камп Ноу» қожайындары қандай есеппен жеңер екен деген сұрақ қана тұрғандай. Сонымен қатар, еурокубок ойындарында 67 гол соққан Лионель Мессидің Рауль рекордын бұзуға мүмкіндігі бар екенін айта кеткен жөн.

«G» тобында лондондық «Челси» гелзенкирхендік «Шалькені» қабылдаса, «Спортинг» сырт алаңда «Мариборда» қонақта болады.

«Челси» (Англия) – «Шальке» (Германия)

«Челси» ішкі біріншілікті өте жақсы бастады және әлі бірде-бір рет жеңіліп көрген жоқ. Жозе Моуриньоның жігіттері қазір бабында. Ағылшын премьер-лигасында 7 мәрте қанжығасы майланған Диего Коста мен оған әдемі пастарды қолмен қойғандай салып беретін Фабрегастан бүгін көп нәрсе күтуге болады. Ал, «Шальке» командасының құрамында қиын жағдайлар туындауда. Олардың қазір 8 бірдей ойыншысы жарақат алып қалды. Атап айтқанда: Фабиан Гифер, Ян Кирххофф, Фелипе Сантана, Сеад Колашинац, Жоэль Матип, Марсель Соботтка, Леон Горецка және Джефферсон Фарфан. Бұлардың басым көпшілігі қорғаушылар. Неміс командасы ішкі біріншіліктегі соңғы ойында ірі есеппен (4:1) жеңіліс тапты.

«Марибор» (Словения) – «Спортинг» (Португалия)

Бұл топта португалиялық ұжым плей-офф кезеңіне шығу үшін «Челси», «Шальке» командаларымен таласатын болады. Алайда аталған екі командадан айналып өту оңайға түспесі анық. Ол үшін бүгін олар «G» тобының аутсайдері саналған «Марибор» командасын міндетті түрде жеңуі тиіс. Словениялық команда болса алаң иесі ретінде лайықты қарсылық танытуды көздейді. 

«Н» тобында португалиялық «Порту» командасы Белоруссияның «БАТЭ» командасын қабылдаса, Донецкінің «Шахтер» клубы Бильбао қаласында «Атлетик» командасымен ойнайды.

«Порту» (Португалия) – «БАТЭ» (Белоруссия)

Футбол мамандары бұл кездесуде белоруссиялық клубтың жеңіске жетер еш мүмкіндігі жоқ деп есептейді. «Порту» командасының қазір ішкі біріншіліктегі қарқыны қатты. Олар соңғы үш ойынды жеңіспен аяқтады. Португалиялық ұжым іріктеу кезеңінде де франциялық «Лиль» командасын екі ойын қорытындысында 3:0 есебімен жеңген болатын. «БАТЭ» командасы бұл кездесуде бір ұпайға қол жеткізуді көздейді. Алайда сырт алаңдағы ойын олар үшін оңайға түспесі анық.

«Атлетик» (Бильбао, Испания) – «Шахтер» (Донецк, Украина)

Бұл кездесуде қай команданың жеңіске жететінін дөп басып айту қиын. Украиналық команда ішкі біріншіліктегі соңғы ойынында «Черноморец» командасын 2:0 есебімен жеңді. Бұл жеңіс олардың 8 ойындағы 8-інші жеңісі саналады. Донецкілік клуб әзірше бар болғны бір гол ғана жіберген. Ал, «Атлетик» командасы маусым басталғалы 5 ойында тек 2 рет жеңіске жеткен. Олар өткен сенбіде «Барселона» командасына 0:2 есебімен есе жіберді. Бүгінгі ойында «Атлетик» командасы өз алаңындағы басымдылығын пайдалануы тиіс. «Шахтер» болса ең болмағанда бір ұпайды олжалаймыз деген ниетпен шықпақ.

Бүгін түнде өтетін Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі сегіз кездесу де Астана уақытымен сағат 00:45-те басталады. 

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: sports.ru, vk.com

Ө. Сансызбай