Чемпиондар лигасы. «Боруссия д» бабын байқатты

Чемпиондар лигасы. «Боруссия д» бабын байқатты

Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің бірінші күніндегі кездесулер мәресіне жетті. Назарларыңызға ойындар нәтижесін ұсынамыз.

«А» тобы

Пирейдің «Олимпиакосы» өз алаңында өткен маусымдағы байрақты бәсекенің финалына шыққан мадридтік «Атлетикодан» басым түсті. Жылдам ойын жүйесін толық меңгерген қос клуб жанкүйерлер ішін пыстырған жоқ. Алма-кезек соғылмаса да, үш ұпай үшін тартыста соғылған голдар нәтижесі алаң иелері пайдасына шешілді. Есеп 3:2.

Бұл топтағы екінші кездесуде «Ювентус» жеңіске жетті. Өз алаңында швециялық «Мальмені» қабылдаған туриндік клуб Карлос Тевестің дубль авторы атануы арқасында үш ұпайды қоржынға салды.

«В» тобы

Ла-лигада жанкүйерлер күтпеген нәтижемен 13-ші орында тұрған мадридтік «Реал» өз алаңында швейцариялық «Базельді» ойсырата жеңді. «Сантьяго Бернабеудегі» ойында Карло бапкердің шәкірттері қонақтар қақпасына 5 доп тоғытса,  швейцариялықтар бір доппен ғана жауап қатты.

Болгариялық «Лудогорец» плей-оффта футбол көрермендерін бір таңдандырса, бүгін тағы бір таңдандырды. «Ливерпульмен» терезесі тең дәрежеде өнер көрсетпесе де, ойын соңына дейін ұпай иелену үшін тырысып бақты. Тек сәттілік жетіспеді. Марио Балотеллидің соққан голына «Лудогорец» жауап тапқанымен, Стивен Джерардтың пенальтиден соққан голына жауап қатуға уақыт таба алмады.

«С» тобы

Бұл топтағы бірінші ойында ресейлік «Зениттің» айы оңынан туды. Сырт алаңда лиссабондық «Бенфикамен» жолыққан Андре Вилаш-Воаш шәкірттері екі доп басымдығымен жеңіске жетті. Халк жаңа маусымдағы Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі бірінші голды соқса, алаң иелерінің қақпашысы Артур алаңнан қуылған алғашқы ойыншы болды.

«С» тобындағы екінші кездесуде «Байерден» «Монако» мықты шықты. Аз да болса фаворит саналған леверкузендік клуб Жоау Моутиньюдың соққан голына жауап таба алмады.

«D» тобы

Бүгінгі күннің басты кездесуі де осы топта өтті. Өз алаңында Лондонның «Арсеналын» қабылдаған дортмундтық «Боруссия» сенімді түрде жеңіске жетті. Қонақтар қорғаушылары қателігін сәтті пайдалана білген Юрген Клопп командасы өз кезектерінде екі голмен ғана шектелді. Бәлкім, Гейнрих Мхитарян бірнеше сәтте сараңдық танытпағанда, алаң иелері ірі есеппен жеңуі бек мүмкін еді.

«Галатасарай» әлі де бельгиялық команданы жеңбеген антирекордына тағы нүкте қоя алмады. Ойында фаворит саналғанмен, ұпай бөлісумен ғана шектелді. Бұл ойында 1:1 есебі тіркелді.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай