Чемпиондар лигасы. Бүгін топтық кезең ойындары басталады

Чемпиондар лигасы. Бүгін топтық кезең ойындары басталады

Бүгін футболдан Еуропаның басты бәсекелерінің бірі – Чемпиондар лигасының топтық кезеңінің бірінші кездесулері өтеді. Назарларыңызға кездесулер алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

«А» тобының фавориттері, әзірге – мадридтік «Атлетико» мен туриндік «Ювентус». Бүгін алғашқысы «Олимпиакоста» қонақта болса, соңғысы өз алаңында швециялық «Мальмені» қабылдайды.

«Олимпиакос» (Грекия) – «Атлетико» (Испания)


Мадридтік клуб мамандар тарапынан фаворит саналуда. Алайда, қос қарсыласты да кей мүмкіндіктеріне қарай терезесі тең деп те қарауға болады. Бірақ, Испания мен Грекия футболын салыстыруға келмейді. Екі клуб та жылдам футбол жүйесіне машықтанған. Сондықтан, қос тарап та гол соғулары мүмкін. «Атлетиконың» артықшылығы – шабуыл шебінің жылдам шешім қабылдай алуында. Диего Симоене шәкірттері бүгін жеңіске жетсе де, ірі есеппен тізерлетуі екіталай деп күтілуде.

«Ювентус» (Италия) – «Мальме» (Швеция)


Швециялық клуб Туриннен ұпай иеленіп қайтар болса, кішігірім сенсация болары анық. Өткен жылы Чемпиондар лигасында сәтсіз өнер көрсеткен «Ювентус» бұл маусымда жанкүйерлерін алғашқы ойынынан-ақ қуантуға бел буып отыр. Бірақ, алаң иелері қатарынан Андреа Пирло мен Артур Видаль бүгінгі ойынға жарақатына байланысты қатыса алмайды. Алаң иелері соңғы ойындарында бабында екенін байқатқанмен, кей ортаңқол клубтарға қарсы «көңілсіз» өнер көрсетіп қалатын сәттері де бар. Мұны өткен маусымда «Копенгагенге» қарсы бірінші ойында байқаған болатынбыз.

Бүгін «В» тобындағы командалар да жарыс жолына шығады. Мадридтік «Реал» өз алаңында «Базельді» қабылдаса, футбол жанкүйерлерін таңдандырып топтық кезеңге өткен болгариялық «Лудогорец» футбол клубы түзде әйгілі «Ливерпульмен» үш ұпайды сарапқа салатын болады.

«Реал» (Испания) – «Базель» (Швейцария)


2013/2014 жылғы маусымдағы Чемпиондар лигасының жеңімпазы мадридтік «Реал» бұл маусымды Суперкубокты жеңіп тәуір бастағанмен, ла-лига ойындарын сәтті бастай қойған жоқ. Команда президенті Флорентино Перес ұстанған саясат көп жанкүйерлері түгіл, футболшыларының да көңілінен шығып отырған жоқ. Команда ойынына Карло бапкер түбегейлі өзгеріс енгізер сәті келіп-ақ жүр. Ойын жүйесі әлі де жемісін бере алмай келеді. Десе де «корольдік клуб» айқын фаворит. Фаворит саналғанмен, швейцариялық «Базель» де Еуропа алпауыттарына қарсы өнер көрсетіп жүрген тіс қаққан командалар қатарынан екенін ұмытпағанымыз абзал.

«Ливерпуль» (Англия) – «Лудогорец» (Болгария)


Ағылшын клубына азуын айға білейтін сәт келген секілді. Бүгін ірі есеппен жеңсе, таңданбайтынымыз рас. Өйткені, болгар футбол клубы «Стяуаға» қарсы ойында сенсация жасағанмен, команда негізгі құрамда өнер көрсететін ойыншыларынан айырылып отыр. Негізгі қақпашы плей-оффтағы ойында алаңнан қуылса, екінші қақпашы жарақат алған. Ал үшінші қақпашысы әлі жас, әрі тәжірбиесіз. Қорғаушылар Барте мен Терзиев те жарақат алған. Мерсисайдтық клубтың ойын нәтижелерін жанкүйерлер жақсы біледі. Бір немесе екі голмен шектеліп қалмайтыны тағы бар.

«С» тобына ойын әлеуеттері шамалас командалар түскен. Плей-офф кезеңіне шығу үшін тартыс қызықты болмақ. Бүгін «Бенфика» өз алаңында «Зенитті» қабылдаса, леверкузендік «Байермен» «Монако» кездеседі.

«Бенфика» (Португалия) – «Зенит» (Ресей)


Бүгін түнде Лиссабонда тартысты кездесу күтіп тұр. Ойынға дөп басып болжам айту қиын. Десе де алаң иелері аз да болса фаворит саналуда. Жанкүйерлерін жерге қаратқысы келмейтіні белгілі. Футбол мамандары болжамы бойынша бұл кездесуде тең есеп тіркеледі деп күтілуде. «Бенфика» сапынан қақпашы Жулио Сезар мен қорғаушы Силвиу ойынға қатыса алмайды. Екі ойыншы да жарақат алған.

«Монако» (Франция) – «Байер» (Германия)


Леверкузендік клуб бұл маусымды бабында бастады. Мұны бундеслига ойындарынан байқап жүрміз. Бүгін түзде өнер көрсететін болса да, жеңіске лайық команда саналуда. Өйткені, Хамес Родригес пен Радамель Фалькаоны шығарып салған «Монаконың» жағдайы мәз емес. Клубта қаржылық дағдарыстың да бар екені мәлім. Танымал футболшыларды қатарларына шоғырландырғанмен, француз футбол клубы әзірге өз ойын жүйесін таба алмай келеді.

«D» тобындағы да плей-офф жолдамасына талас тартысты болмақ. Бүгін түнде дортмундтық «Боруссия» өз алаңында лондондық «Арсеналды» қабылдайды. Ал «Андерлехт» болса «Галатасарайда» қонақта болады.

«Боруссия д» (Германия) – «Арсенал» (Англия)


Екі клуб та топтың фавориті. Бірінші орынға таласары тағы бар. Өткен маусымда да екі ұжым бір топта өнер көрсеткен болатын. Лондонда 1:2 есебімен «Боруссия д» жеңіске жетсе, Дортмундта керісінше 0:1 нәтижесімен «Арсенал» басым түскен болатын. Бұл ойын бүгінгі кездесулердің бастысы саналуда. Тікелей эфирде «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар.

«Галатасарай» (Түркия) – «Андерлехт» (Бельгия)


Түркиялық команда өз тарихында бельгиялық клубтарды жеңіп көрмеген антирекордына бүгін нүкте қоюуы бек мүмкін. Өйткені, қазіргі таңда «Андерлехттен» гөрі «Галатасарайдың» ойыншылар құрамы тәжірбиелі. Бельгиялық клуб бапкері айтпақшы бір ұпай иеленіп қайтудың өзі жаман нәтиже болмақ емес. Екі ұжым да Чемпиондар лигасында өз елінің намысын ең көп  қорғаған клубтардың көшін бастап тұр.

Бүгін түнде өтетін Чемпиондар лигасының топтық кезеңіндегі сегіз кездесу де Астана уақытымен сағат 00:45-те басталады. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.ru, vk.com

Ө. Сансызбай