Роналду екі «Манчестердің» қайсысын таңдайды?

Нұржігіт Айдархан Корреспондент
Роналду екі «Манчестердің» қайсысын таңдайды?

Португалия құрамасы мен мадридтік «Реалдың» үздік ойыншысы Криштиану Роналду жақын уақытта испаниялық клубты тастап, ағылшын біріншілігіне ауысады, деп хабарлайды шетелдік БАҚ өкілдері.

БӨЛІСУ

Соңғы кезде португалдық сұрмергеннің өзінің бұрынғы командасы «Манчестер Юнайтед» сапына баратыны туралы әңгіме жиілеген болатын. Тіпті, Криштианудың өзі «Олд Траффордқа» қайта оралатыны туралы сыңай білдірген-ді. Ал, «МЮ» басшылығы Роналдуға апта сайын 320 мың евро төлеуге дайын екендіктерін жеткізіп, трансфердің құнын 62 миллион евроға бағалады.

Алайда соңғы шыққан ақпараттар Криштианудың спорттық мансабын «Манчестер Сити» командасында жалғастыратынын айтуда. «Манчестер Сити» командасы Роналдуға қаржылық тұрғыда тиімді ұсыныстар жасаған көрінеді. Үздік ойыншыны өз қатарларына қосу үшін олардың нақты қанша қаржы ұсынғаны әлі белгілі емес.

Соңғы уақыттарда Роналдудың өзге клубқа ауысуы туралы сыбыс жиілей бастады. Бұл сыбыс «Реалдың» трансферлік саясаты аясында клуб басшылығы мен Роналду арасында түсініспеушіліктер туындап жатқаннан кейін шығып отыр. Қазірдің өзінде «Корольдік» клубты Хаби Алонсо мен Анхель Ди Мария тастап кеткен болатын.

Ойыншының өзі бұл туралы: «Менің «Реалдың» трансферлігіне байланысты нақты ойым бар. Бірақ мен ойымды әр кезде жария қыла алмаймын», - деген болатын.

Естеріңізге сала кетсек, «Қызыл сойқандар» 2009 жылдың маусым айында Роналдуды «Реалға» 65 миллион евроға сатқан болатын. Бір жыл өткесін жаңа келісімшарт жасалып, Роналду әлемдегі ең жоғарғы жалақы алатын футболшы атанған-ды. Ол келісімшарт 2018 жылдың жазына дейін күшінде болады. Роналду «Манчестер Юнайтед» сапында 2003 жылдан 2009 жылға дейін өнер көрсетті.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: football-infor.ru