Әйгілі теннисші Рафаэль Надаль алғаш рет Қазақстанға келеді

Әйгілі теннисші Рафаэль Надаль алғаш рет Қазақстанға келеді

Әйгілі испан теннисшісі Рафаэль Надаль қыркүйек айында алғаш рет Қазақстанға келеді. Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Әлемнің екінші ракеткасы 25 қыркүйек күні Астана қаласындағы ұлттық теннис орталығында өтетін арнайы ойынға қатысады. Жекелей сында «Үлкен дулыға» сериясының 14 турнирінің жеңімпазы Надаль француздық Жо-Вильфрида Тсонгаға қарсы жолдастық кездесу өткізеді. Кездесу сағат 19:00-де басталады.

Аты аңызға айналған теннисші Қазақстанға сапары барысында басқа да іс-шараларға қатысады деп жоспарлануда. Рафаэль Надаль мен Жо-Вильфрида Тсонга Team Kazakhstan академиясының шәкірттерімен шеберлік сыныптарын өткізіп, Назарбаев Университетінің студенттерімен және халықаралық «Хэйлибэри» мектебінің оқушыларымен кездеседі. Сондай-ақ, жанкүйерлер үшін арнайы автограф-сессия ұйымдастырылады. Әйгілі теннисшілер бұдан бөлек «Кешкі Астана» (Astana Opera Hous, Бәйтерек, Пирамида, Тәуелсіздік алаңы, Хан-Шатыр ғимаратына саяхат) шарасына қатысады деп күтілуде.

Рафаэль Надаль мен Жо-Вильфрида Тсонга ойынының билеттерін «Меломан» дүкендерінен және қаладағы теннис орталықтарының кассаларынан сатып алуға болады.

Еске сала кетсек, Рафаэль Надаль Қазақстанға келуге бұрын да ниет білдірген-ді. Алайда жарыс кестесінің тығыздығына байланысты оның елімізге келуге мүмкіндігі болмады. Қазіргі таңда испан теннисшісі өз академиясын құруда, бұл ретте ол Қазақстан теннис федерациясымен бірге қызмет ететін болады.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: sport.ru

Н. Айдархан