Қазақстандық волейболшылардың қарсыластары анықталды

Қазақстандық волейболшылардың қарсыластары анықталды

19 қыркүйек күні Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында ХVІІ жазғы Азия ойындары басталады. Волейболдан ел намысын қорғайтын ерлер және әйелдер құрамаларының топтық кезеңдегі қарсыластары белгілі болды.

Жақында ғана Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешенінде өткен IV Азия кубогы және ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атындағы халықаралық турнирде үшінші орын алған Қазақстан ерлер құрамасы Катар, Оңтүстік Корея және Қытайлық Тайпей құрамаларымен бір топқа түсті. Жерлестеріміз ширек финалға шығуы үшін топта екінші орын алуы қажет. Андрей Патраков командасы негізгі құрамда өнер көрсетеді.

Әйелдер арасындағы Азия ойындарына волейболшыларымыздың қосалқы құрамы барады. Өйткені, негізгі құрам Италияда өтетін әлем чемпионатына қатысады. Инчхонда өнер көрсететін қыздарымыз Қытай, қытайлық Тайпей, Мальдив аралдары, Гонконг құрамаларымен «В» тобында ойнайтын болды. Топтан үш команда келесі кезеңге өтеді.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан әйелдер құрамасы 2010 жылы Гуанджоуда өткен Азия ойындарында үшінші орынды иеленген болатын.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:volley.kz

Ө. Сансызбай