Аргентина финалда кеткен есесін қайтарды

Аргентина финалда кеткен есесін қайтарды

Бразилияда өткен әлем чемпионатының финалына шыққан Германия мен Аргентина құрамалары жолдастық кездесу өткізді. Ойындағы нәтиже бұл жолы Оңтүстік Америка құрлығының өкілдерінің пайдасына шешілді.

Дюссельдорфта өткен кездесуде 2:4 есебі тіркелді. Жарақатына байланысты ойынға Лионель Месси қатыспады. Бұрынғы «Барселона» бапкері Херардо Мартино құрама тізгінін ұстап шыққан алғашқы ойынын жеңіспен бастады. Бірінші таймда Серхио Агуэро мен Эрик Ламела бір-бір доптан еншілеріне жазса, екінші тайм басында Федерико Фернандес пен Анхель Ди Мария белсенді болды. Ал немістер қатарынан Андре Шюррле мен Марио Гетце гол авторлары атанды. Аргентиналықтар әлем чемпиондарынан финалда кеткен есесін қайтарып, жанкүйерлерінің көңілін бір марқайтып тастады.

Бүгін түнде бұл ойыннан өзге де жолдастық кездесулер өтті. Әсіресе, 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу кезеңінде Қазақстан құрамасымен бір топқа түскен құрамалардың қарымын байқадық.

9 қыркүйек күні «Астана-Аренада» жерлестерімізбен алғашқы ұпайларды сарапқа салатын Латвия құрамасы өз алаңында Армениядан басым түсті. ФИФА рейтингінде армяндардың көрсеткіші айтпаса да белгілі болатын. Бірақ, Валерий Шабаланың дубль авторы атануымен «Сконто» стадионында алаң иелерінің мысы басым болды. 

Қазақстан құрамасымен бір топқа түскен құраманың  бірі – Түркия. Даниямен жолдастық кездесу өткізген түріктер 1:2 есебімен қарсыластарынан басым түсті. ФИФА рейтингінде Фатих Терим жаттықтыратын ұжым 32-ші орында келеді. Жерлестеріміз Түркия құрамасымен түзде 16 қарашада жолығатын болады.

Қазақстанмен "А" тобында өнер көрсететін Чехия құрамасы да жолдастық кездесу өткізді. Прагада АҚШ құрамасын қабылдаған алаң иелері 0:1 есебімен ұтылып қалды. Юрген Клинсман командасына жеңіс сыйлаған голды Алехандро Бедойя соқты. Отандастарымыз Чехия құрамасымен Астанада 13 қазан күні кездеседі.

Өзге де жолдастық кездесулер нәтижесі:

Палестина - Мьянма 1:4

Ресей - Әзірбайжан 4:0

Литва - БАӘ 1:1

Украина - Молдова 1:0

Ирландия - Оман 2:0

Англия - Норвегия 1:0

Марокко - Катар 0:0

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай