АIBA-ның жаңа жобасына бес боксшымыз қатысады

АIBA-ның жаңа жобасына бес боксшымыз қатысады

Халықаралық әуесқой бокс федерациясының  «AIBA Pro Boxing» жаңа жобасында еліміздің намысын 5 боксшымыз қорғайтын болды. Байрақты бәсеке 24 қазан күні басталады.

Әлемнің 80 үздік боксшысы қатысады деп күтіліп отырған доданың бірінші және екінші електік кезеңдері 24-26 қазан мен 20-23 қараша күндері өтеді. Ал 18-21 желтоқсанда рейтингтік жекпе-жектер ұйымдастырылады. Чемпиондық атақтар 2015 жылдың 22-25 қаңтары күндері және 29 қаңтардан 1 ақпанға дейінгі аралықта сарапқа салынатын болып бекітілген. Іріктеу кезеңіндегі жекпе-жектер алты раундтан тұрса, финалда боксшылар сегіз раунд жұдырықтасады. Жаңа жобада жеңімпаз атанған былғары қолғап шеберлері қомақты сыйақыға қоса, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарының жолдамасын иеленетін болады.

Жеребе тастау рәсімі 17 қыркүйек күні Алматы облысы Талғар ауданында орналасқан AIBA академиясының ресми ашылу салтанатынан кейін өтеді. Әр салмақ дәрежелеріндегі кездесулер әр елде ұйымдастырылады. Қазақстан 60 келіге дейінгі боксшылардың жекпе-жектерін қабылдайтын болады.

Қазақстандық боксшылар әлемдік рейтингтегі көрсеткіштері бойынша барлық он салмақ дәрежесінде де бақ сынауға мүмкіндік алған болатын. Бірақ, Мырзағали Айтжанов бастаған бокстан Қазақстан құрамасының бапкерлері қосыны жобаға тек бес боксшыны ғана қатыстыруды жөн санапты. 49 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы Біржан Жақыпов өнер көрсетеді. 52 келіде Азия чемпионатының жүлдегері Ілияс Сүлейменов жұдырықтасса, 60 келіде әлем чемпионатының қола жүлдегері Берік Әбдірахманов бақ сынайды. 81 келіде бапкерлер Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионатының да күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетовке сенім артып отыр. 91 келіге дейін салмақта Азия чемпионы Антон Пинчук ел намысын қорғайды. Жерлестеріміздің қарсыластарын да осал деп айта алмаймыз. Әр салмақта өз елінің кіл мықтылары жұдырықтасатын болады.

Қазақстандық боксшылардың қарсыластары:

49 келі:  Шин Йонхун ( Корея), Давид Айрапетян (Ресей), Марк Энтони Баррига (Филиппин), Лу Бинь (Қытай), Біржан Жақыпов (Қазақстан), Патрик Лоуренсо (Бразилия), Леандро Бланк (Аргентина).

52 келі: Александар Александров (Болгария), Редуан Аслум (Франция), Мохаммед Флисси (Алжир), Ферандо Мартинес (Аргентина), Миша Алоян (Ресей), Ілияс Сүлейменов (Қазақстан), Жасурбек Латипов (Өзбекстан), Винченцо Пикарди (Италия), Элиас Эмигдио (Мексика).

60 келі: Дмитрий Полянский (Ресей), Робсон Консейсао (Бразилия), Берік Әбдірахманов (Қазақстан), Доменико Валентино (Италия), Хуршид Тожибаев (Өзбекстан), Артур Бриль (Германия), Чарли Суарез (Филиппин), Дэвид Джойс (Ирландия).

81 келіСпас Генов (Болгария), Эхсан Рузбахани (Иран), Мэтью Бадерлик (Франция), Никита Иванов (Ресей), Әділбек Ниязымбетов (Қазақстан), Ойбек Мамазулунов (Өзбекстан), Абдельхафид Беншабла (Алжир), Джо Уорд (Ирландия).

91 келі: Тервел Пылев (Болгария), Джавонта Чарльз (АҚШ), Клементе Руссо (Италия), Шуаиб Булудинатс (Алжир), Эмир Ахматович (Германия), Ямиль Перальта (Аргентина), Алексей Егоров (Ресей), Антон Пинчук (Қазақстан).

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:kfb.kz, vesti.kz, sports.kz

Ө. Сансызбай