Шымкентте Бекзат Саттархановқа ескерткіш орнатылды

Шымкентте Бекзат Саттархановқа ескерткіш орнатылды

Кеше, 1 қыркүйек – білім күні қарсаңында Шымкент қаласындағы Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектеп-интернатының алдына даңқты боксшымыздың ескерткіші орнатылды. Ескерткіштің ашылу салтанатына еліміздің танымал спортшылары, Олимпиада чемпиондары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жасындай жарқ етіп өте шыққан Бекзат Саттарханов қазақ атын әлі талай шығарар еді. Бірақ, батырдың ғұмыры қысқа болды. 2000 жылы Сиднейде өткен жазғы Олимпиада ойындарында топ жарған жерлесіміз елге оралғанына үш ай өткен соң дүниеден озды. Жол апатынан қаза тапқан боксшымыздың шаршы алаңдағы ерлігі ел есінен шыққан емес.

Бүгінде Бекзат Саттарханов атындағы спорт мектеп-интернаты талантты жас өрендерді спортқа баулып, еліміздің абыройын асқақтатар спортшылардың қанатын қағуына септігін тигізіп келеді. Мектеп алдына орнатылған ескерткіштің биіктігі 3 метрді құрайды. Ол арнайы тұғырға орнатылған. Ал аулаға Түркістан топырағының тумасының спорттық мансабындағы жарқын сәттерден естелік болып қалған суреттер ілінген.

Айта кетейік, осыған дейін қазақстандық танымал режиссер Ермек Шахмет «Бекзат» деп аталатын биографиялық кинофильм түсіруді қолға алған еді. Фильмде бас кейіпкер рөлін Асылхан Төлепов сомдайтын дүниенің алғашқы тизері де жарық көріп үлгерген болатын.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет:©massaget.kz

Ө. Сансызбай