Таэквондодан әлемдік «Гран-Приде» жүлде бұйырмады

Таэквондодан әлемдік «Гран-Приде» жүлде бұйырмады

Астана қаласында таэквондодан әлемдік «Гран-При» турнирі мәресіне жетті. «Дәулет» спорт кешенінде өткен аламанда жерлестерімізге жүлде бұйырмады.

Жарыстың соңғы күні бақ сынаған Әсел Қойлыбай мен Қайрат Сарымсақов та жүлдеге іліге алмады. Алғашқысы бірінші айналымда хорват қызы Мартин Зубчичке есе жіберсе, Қайрат екінші кездесуінде сүрінді. Бірінші айналымда кот’д ивуарлық Жоржес Кобеннан басым түсіп, екінші айналымда канадалық Сидхартха Бхаттан ұтылып қалды. Жалпы, «Гран-При» турнирінде осы Қайрат пен Феруза Алдоңғарова ғана екінші кезеңге өте алған болатын.

Таэквондодан әлемдік «Гран-При» турнирінде 50-ден астам елдің 200-ге жуық доян шеберлері бақ сынады. Жарыс жеңімпазына 5 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы берілді. Екінші орын иегеріне 3 000 АҚШ доллары берілсе, үшінші орынды иеленген спортшылар 1 000 АҚШ долларын қанжығасына байлады.

Жалпыкомандалық есепте 2 алтынды қоржындарына салған Қытай құрамасы көш бастады. Екінші орынға 1 алтын 2 күміс еншілеген АҚШ тұрақтаса, үштікті 1 алтын 1 күміс 1 қола еншілеген Иран құрамасы қорытындылады. Ал жүлдесіз қалған Қазақстан құрамасының кей спортшылары туралы бас бапкер Мұстахим Қабдірашев те өз ойын білдірді.

Гран-при мәртебесі биік турнир, сондықтан Астанаға тек мықтылар ғана ат басын бұрды. Алайда, біз өз жерімізде сынға түсіп жатырмыз. Сондықтан, жанкүйер қиқуы да демеу бізге. Феруза Ергешованың жарысты тым ерте аяқтағанына көңілім түсіп кетті. Бірақ қарсыласы да оңай емес, испан қызы қарымды қарсылас. Феруза тактикалық тұрғыдан қарсыласын аша алған жоқ, есесіне басына соққы жіберіп алды. Росана Симон Аламо әділетті түрде жеңіске жетті. Тәжірибелі әрі атақты қыз, қорғанысын да ұмытқан жоқ. Смайыл Дүйсебай әлі жас, 1996 жылы туған. Ересектер арасына өткені кеше ғана. Колумбиядағы ірі халықаралық турнирде жеңіске жетті. Сол себепті оны Гран-при додасына қатыстырдық. Неміске қарсы өткен кездесуде Смайылға тәжірибе жетпейтіні көрініп тұрды. Оған әлі ысылу керек.Мереке Жүнісоваға келер болсақ, ол жаттығу жиындарына қатысқан жоқ. Әскерилер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, команда қатарына бес күн бұрын қосылды. Ол жақтағы біріншіліктен де жүлде алған жоқ. Бір апта демалып, Гран-приге дайындықсыз келді. Бәрінен жақсы өнер көрсеткен Фариза Алдоңғарова болды. Алдымен француз қызын еш қиындықсық жеңсе, кейін хорватиялық спортшымен (әлемдік рейтингте екінші) тең дәрежеде айқасты. Бұл хорват қызы кейін Гран-при жеңімпазы атанды. Еуропаның үш дүркін чемпионы, керемет таеквондошы. Ал Фариза одан қосымша уақытта ғана ұтылды. Айтпақшы, бірінші раундта Алдоңғарова қарсыласының басынан тепкен, оған үш ұпай беру керек еді жүз пайыз. Тіпті, үлкен экраннан да көрсетті. Алайда, төрешілер үнсіз қалды...


Құраманың тәжірбиелік бапкері Филипп Пинер болса, ел таэквондосының болашағы зор екенін жеткізді.

- Алға басу бар ма? Әрине! Әсіресе, ұйымдастыру тұрғысында. Қазақстан үздік болуға ұмтылуда, сіздерде ынта да, мүмкіндік те бар. Бастысы – тәжірибе, төзім қажет. Алғашында үлкен нәтиже күту қажет емес. Бәрі өз уақытымен, өз кезегімен болады. Мен Ресейде жұмыс істегенмін. Жақында олардың бас бапкерімен сөйлестім. Ол екі-үш жылдан соң бізде нәтиже болатынын айтты. Қазақстан таэквондосының болашағы бар.

Астанада ұйымдастырылған дода спортшыларымыз үшін үлкен тәжірбие сынағы болды. Жерлестеріміздің байрақты бәсекелерде топ жаруына тілестестік білдіреміз. Алда Азия ойындары күтіп тұр.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:confederation.kz

Ө. Сансызбай