Зарина Диас АҚШ ашық біріншілігінің үшінші кезеңінен аса алмады

Зарина Диас АҚШ ашық біріншілігінің үшінші кезеңінен аса алмады

Қазақстандық теннисші Зарина Диас жекелей сында АҚШ ашық біріншілігінің (US Open) үшінші кезеңінен аса алмады.

Жиырма жастағы қазақ қызы төртінші кезеңге шығар жолда ресейлік теннисші Екатерина Макароваға есе жіберді. Есеп - 2:6, 4:6. Екі теннисшінің арасындағы тартыс бір сағат 14 минутқа созылды.

Қазақстанның бірінші ракеткасы WTA рейтингінде 48-нші сатыда тұрса, 26 жастағы ресейлік теннисші әлемнің он сегізінші ракеткасы саналады. Екі теннисші бұрын өзара кездесу өткізбеген. Екатерина Макарова келесі кезеңде канадалық Эжени Бушармен күш сынасады. Канадалық теннисші үшінші кезеңде чехиялық Барбора Заглавова-Стрыкованы жеңген болатын.

Естеріңізге сала кетсек, Зарина бірінші кезеңде ураиналық теннисші Леся Цуренконы 6:1, 6:2 есебімен еш қиындықсыз тізе бүктірген болатын. Ал, екінші кезеңде 15 жасар америкалық теннисші Кэтрин Кэртан Беллиспен жолығып,  6:3, 0:6, 6:2 есебімен басым түсті.

Жекелеген сында жолы болмаған Зарина енді бар күшін жұптасып өнер көрсетуде байқап көреді. Қытайлық теннисші И Фань Сюймен жұп құрған Зарина аталған турнирдің үшінші кезеңінде бақ сынауда. Олар екінші кезеңде америкалық Лорен Дэвис пен чехиялық Рената Воракова жұбын 6:3, 7:6 есебімен қапы қалдырған-ды. Зарина мен И Фань Сюйдің келесі қарсыласы Луция Градецкая (Чехия) / Михаэлла Крайчек (Нидерланды) - Жанетта Гусарова (Словакия) / Паула Каня (Польша) жұптарының жеңімпазы болады деп күтілуде.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: sports.kz

Н. Айдархан