Геннадий Головкин Рубиоға қарсы дайындығын бастады

Геннадий Головкин Рубиоға қарсы дайындығын бастады

Орта салмақтағы WBA (Super) және IBO тұжырымдарындағы әлем чемпионы отандасымыз Геннадий Головкин мексикалық боксшы Марко Антонио Рубиомен болатын кездесуге дайындық жұмыстарын бастады.

Жерлесіміз жаттығу жұмыстарын Калифорниядағы Big Bear лагерінде жүргізуде. Кездесу 18 қазан күні Лос-Анджелесте өтеді. Әйгілі «НВО» телеарнасы бұл тарихи кездесуді тікілей эфирден таратуды көздеп отыр. Билеттердің бағасы 27 доллардан 210 долларға дейін жетіп жығылады. Билеттерді StubHub Center кассасынан, не болмаса AXS.com сайтынан сатып алуға болады.

Мексикалық боксшы қазіргі таңда орта салмақта WBC тұжырымы бойынша чемпиондық белбеудің уақытша иегері саналады. Соңғы кездесуін сәуір айында италиялық Доменико Спадаға қарсы өткізіп, мезгілінен бұрын жеңіске жеткен. 34 жастағы боксшы 2000 жылдан бері кәсіпқой бокста бақ сынап келеді. Осы аралықта 62 жекпе-жек өткізіп, 55-інде жеңіске жеткен, 6 кездесуінде жеңіліс тауып, 1 жұдырықтасуын тең аяқтаған. 55 жеңісінің 48-інде қарсыласын нокаутқа жіберген.

Естеріңізге сала кетсек, жерлесіміз Геннадий Головкин ағымдағы жылы ганалық Осуман Адама мен аустралиялық Дэниэл Гилді айқын басымдықпен жеңген болатын.

Ұқсас жазбалар:

Головкин мексикалық боксшымен жұдырықтасатын болды

Головкин мен Рубио «ESPN» арнасының бағдарламасында жолықты

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: boxing.ru

Н. Айдархан