Астанада таэквондадан әлемдік «Гран-При» додасы басталды

О Сансызбай Корреспондент
Астанада таэквондадан әлемдік «Гран-При» додасы басталды

Бүгін Астанадағы «Дәулет» спорт кешенінде таэквондадан әлемдік «Гран-При» додасы басталды. Тамыздың 31-не дейін жалғасатын жарыста 50 елден келген 200-ден астам доян шеберлері бақ сынайды.

БӨЛІСУ

Алғаш рет елімізде ұйымдастырылып отырған додада еліміздің намысын 9 спортшымыз қорғайды. Олар -  Нұрсұлтан Мамаев (58 келіге дейін), Қайрат Сарымсақов (68 келіге дейін), Мақсат Абдрамбек (80 келіге дейін), Смайыл Дүйсебай (80 келіден жоғары), Фариза Алдоңғарова (49 келіге дейін), Әсел Қойлыбай (57 келіге дейін), Гүлім Бибалаева (67 келіге дейін), Феруза Ергешова және Мереке Жүнісова (екеуі де - 67 келіден жоғары). 

Әлемнің кіл мықтылары бас қосатын додада әр салмақта таңдаулы 35 спортшы тіркелген. «Гран-Приде» топ жарған спортшы 5 000 АҚШ долларына ие болса, екінші орынға – 3 000 АҚШ доллары, үшінші орынға  1 000 АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындалған. Бапкерлер мен мамандар Нұрсұлтан Мамаев пен Феруза Ергешоваға үлкен сенім артып отыр.

Таэквондодан Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, ҚР таэквондо федерациясының спорттық директоры Арман Шілманов Қайрат Сарымсақов пен Смайыл Дүйсебайды да жүлдегерлер қатарынан көрінетініне сенім білдіруде.

- Астанаға әлемнің ең үздік таеквондошылары келді. Демек, бізді керемет турнир күтіп тұр. Біздің балалар үшін мықтылармен тайталасу оңай болмайды. Әйтсе де, өз жанкүйерлеріміздің алдында ұятқа қалмау үшін тырысып бағатыны сөзсіз. Ертең даянгқа шығатын спортшылардың бәрі еліміздегі үздіктер. Сондықтан, аянып қалмайды. Әрине, ұлттық құраманың барлық спортшысына жанкүйер боламын. Әсіресе, Қайрат Сарымсақов (68 келі) пен Смайыл Дүйсебайды (+80 келі) атап өткім келеді. Осы жігіттер медальға таласа алады. Осыдан біраз уақыт бұрын ұлттық құрамаға легионерлер келетінін хабарлаған едік. Олар Гран-при турниріне ғана емес, Инчхонда өтетін Азия ойындарына да қатыса алмайды. Өйткені, азаматтық ауыстыру оңай емес. Жыл соңына қарай бәрі дұрыс шешіледі деп үміттенемін, - деді.

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Мұстахим Қабдырашев болса, ел құрамасының басты мақсаты – үштікке ілігу екенін жеткізді.

- Бірнеше ірі турнирдің нәтижесіне қарап, осы спортшыларды іріктеп алдық. Ең мықты деген спортшыларға ғана таңдау түсті. Олардың жетеуі Азия ойындарына да қатысады. Мойындау керек, біз өз әлеуетімізді білеміз, әлем мықтыларымен иық тірестірудің қиын болары хақ. Біздің басты міндетіміз – үздік үштікке ілігу. Алтын туралы ойлау біз үшін әлі ерте. Әрине, бұл бас жүлде туралы ойламаймыз деген сөз емес. Әйтсе де, бұл - Гран-при. Мұнда әлемнің нағыз мықтылары бақ сынайды. Жанкүйерлерді қуантуға тырысамыз. Өз жерімізде өтіп жатқан соң, олардың қолдауы бізді қанаттандырады. Әр түрлі деңгейдегі екі-үш медаль жеңіп алсақ жақсы болар еді. Нұрсұлтан Мамаев пен Феруза Ергешоваға үміт артып отырмын. Жеребеге сәйкес, әлем үздіктері бізге үшінші айналымнан бастап тап болады. Ал оған дейінгі қарсыластар қатты қарымды емес,-деді.

Гран-при жеребесі

Ерлер

58 келі

Нұрсұлтан Мамаев – Пенек Каракет (Тайланд)

68 келі

Қайрат Сарымсақов - Жоржес Кобенан (Кот д'Ивуар)

80 келі

Мақсат Әбдірамбек - Максим Рафалович (Өзбекстан)

+80 келі

Смайы Дүйсебай - Александр Бахманн (Франция)

Қыздар

49 келі

Фариза Алдоңғарова - Хажер Мұстафа (Франция)

57 келі

Әсел Қойлыбай – Мартина Зубчич (Хорватия)

67 келі

Гүлім Бибалаева – Юн Фей Гу (Қытай)

+67 келі

Феруза Ергешова - Виам Дислам (Марокко)

Мереке Жүнісова - Рима Ананбех (Иордания)

Әлемдік «Гран-При» додасында топ жарған спортшыларға рейтингтік ұпайлар қосылады. Доян шеберлерінің жинаған ұпайлары ертең Олимпиадаға жолдама алуына септігін тигізетін болады. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:confederation.kz