«Астананың» қорғаушысы - Еуропа Лигасының ең дөрекі ойыншысы

«Астананың» қорғаушысы - Еуропа Лигасының ең дөрекі ойыншысы

Елордалық «Астана» клубының қорғаушысы, босниялық Марин Аничич Еуропа Лигасындағы ең дөрекі ойыншылардың көшін бастап тұр.

Марин Аничич Еуропа Лигасының електік кезеңдерінде 14 мәрте ойын ережесін бұзған. Сондай-ақ, үш рет ескерту қағазын алып, бір рет алаңнан қуылған. Бір мәрте Аничичтің өзіне қарсы қатаң тәртіп бұзылған. Естеріңізде болса, босниялық футболшы «Вильярреал» (0:3) клубымен өткен алғашқы ойында тәртіп бұзып, кездесудің 60-шы минутында алаңнан қуылған болатын.

«Астана» командасының тағы бір шабуылшысы Фокси Кетевоама «тәртіпсіз» футболшылардың арасында үшінші орында тұр. Ол 16 рет ойын ережесін бұзған. 

Тағы бір статистикалық мәлімет бойынша, елордалық клубтың шабуылшысы Георгий Жуков нәтижелі пас берген футболшылардың арасында топ бастап келеді екен. Оның еншісінде қазір төрт бірдей нәтижелі пас бар. 

«Астана» клубы Еуропа Лигасындағы нәтижелі командалардың қатарында бұрынғыша үздік ондықта келеді. Олар 13 гол салып, 6 гол жіберіп алған, орташа есеппен алғанда әр ойында 1.86 доп соғылған. 

Сонымен қатар қазақстандық клуб бірден-бір шабуылдаушы команда саналады. Олар қарсыластарының қақпасына жалпы саны 84 рет доп бағыттаған. Оның 28 соққысы қақпаға дәл бағытталса, 41 соққы қиыс кеткен, ал 15 соққыға тойтарыс беріліп, бір соққы қақпа бағанасынан кері қайтқан. Қорытындылай келгенде астаналықтар әр ойын сайын 9.86 соққы жасаған.

Стандартты жағдайлардан бұрыштама добының жалпы саны бойынша «Астана» клубы 42-ші орында тұр. Олар 21 мәрте бұрыштама добын көтерген.

Астаналықтар бар болғаны 16 рет офсайдта қалған.

Естеріңізге сала кетсек, «Астана» мен «Вильярреал» арасындағы қарымта кездесу тамыздың 27-сінен 28-іне қараған түні Испанияда өтеді. Кездесу Астана уақытымен 00:45-те басталады.

Дайындаған: Нұржігіт Айдархан

Сурет: vesti.kz

Н. Айдархан