Қазақстан құрамасы Тәжікстаннан басым түсті

Қазақстан құрамасы Тәжікстаннан басым түсті

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Алматының орталық стадионында Тәжікстан құрамасымен кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі.

Алғашқы минуттардан алға ұмытылып қуантқан Қазақстан құрамасының футболшылары уақыт өте келе жүрісінен жаңылумен болды. Тегіс жерде әріптесіне дұрыс пас бере алмай жүргенін көрдік. Сасып қалды дейін десек, өз үйі – өлең төсегі емес пе? Қарсылас шабуылы қарымды болғанда 30 минутқа дейін-ақ Александр Мокин қақпасынан доп алып щығуы ғажап емес еді. Юрий Логвиненко мен Сергей Малый сәт сайын қателесумен де көзге түсті. Қос Бауыржан құраманы алға сүйреуге ұмтылғанмен, дәл уақытында пас беруге үлгермеумен ғана шектелді. Гафуржан Сүйімбаевта қарсылас қорғаушылары қателігінен кейін соққы бағыттауға мүмкіндігі болды. Бағыттаған добы қиыс кетумен болды. Бауыржан Жолшиев те жеке шеберлігіне сенім артып, Алишер Туйчиев қорғаған қақпаны нысанаға алып көрді. Нәтиже болмады. Тек 36 минутта «Қайрат» ойыншысы Бауыржан Исламхан сәтті қимылдап есеп ашты. Және ұлттық құрама сапындағы алтыншы кездесуде алғашқы голын соқты. Осы сәттен кейін ғана стадионға жиналған жанкүйерлер көңілі бір серпілді.

Екінші тайм басында Гафуржан Сүйімбаевты  Дмитрий Шомко, Бауыржан Жолшиевті Ұлан Қонысбаев, Ринат Абдуллинді Аслан Дарабаев алмастырды. Бірінші таймда Бауыржан біраз белсенді. Гафуржан да соққы бағыттап көрген-ді. Ал Ринат тек қателесумен ғана шектелді. Мұны бас бапкер Юрий Красножан да дұрыс байқағандай. Таразы басын теңестіруге ұмтылған қонақтар 56 минутта дегеніне жетті. Тәжікстан құрамасының алғашқы қауіпті шабуылы нәтиже сыйлады. Бұл сәтте қорғаушы Юрий Логвиненко мүлде жөн-жосықсыз қорғанысқа ұмтылды. Ал Фарход Тахиров гол авторы атанды. Араға 5 минут сала Ұлан Қонысбаев Қазақстанды есепте алға шығарды. Бұл жолғы Бауыржан Исламхан бастаған шабуыл нәтиже берді. Соңынан алматылық клубтың ойыншысы өз орнын Азат Нұрғалиевке босатты. Ал алаңда барын аса көп көрсетпеген Танат Нөсербаев Бауыржаннан бірер минут алдын Алексей Щеткинмен алмасқан-ды. Көп уақыт салмай тәжік футболшылары тағы да есепті теңестіруге мүмкіндік алды. Төреші ойыннан тыс қалғанын ескермегенде, қорғаушылар мен Александр Мокин қателігінен кейін қақпамызға тамаша гол кірген болар еді. Соңғы кездері «Шахтер» қақпашысы да, «Ақтөбедегі» Александр Сиделников та өздерін жақсы қырынан көрсете алмай жүр. Ұлттық құрамаға сенім артар тағы бір қақпашы керек секілді. 75 минуттан кейін ғана Юрий Красножан шәкірттерінің шабуылына сән кіргендей сезілді. Азат Нұрғалиев қарсыластың айып алаңында бірнеше рет соққы жасап, бағын сынады. Бірақ, таблодағы нәтижеге өзгеріс енбеді.

Қазақстан құрамасына әлі де дайындық керегі байқалды. Әлі де дайындығын пысықтау керек. Тәжікстан құрамасын тас-талқан етіп жеңуге де шамалары жетер еді. Тек, әлі де тәжірбие мен жүйелі шабуылдар аздау. Енді жерлестеріміз 2016 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойыны алдында, нақтырақ айтсақ 5 қыркүйекте Қырғызстан құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді деп күтілуде. Ел құрамасы тізгінін ұстап үшінші кездесуде бірінші жеңісіне жеткен ресейлік маман Юрий Красножан жұмысына табыс тілейміз. Жеңісті күндер жалғаса берсін!


Автор: Өмірбек Сансызбаев

Сурет:kff.kz

Ө. Сансызбай