УЕФА Суперкубогы. «Реал» vs «Севилья»

УЕФА Суперкубогы. «Реал» vs «Севилья»

Бүгін Астана уақытымен түнгі сағат 00:45-те қос испандық клуб «Реал» мен «Севилья» УЕФА Суперкубогын сарапқа салады. Назарларыңызға кездесу алдындағы шолуымызды ұсынамыз.

«Корольдік клуб» трансфер кезеңінде қатарын кіл мықтылармен толықтыра түсті. Ал «Севилья» капитансыз қалды. Өткен маусымда тамаша қырымен танылған Иван Ракитич дәл осы «Реал» мен «Барселона» командаларынан ұсыныс алып, каталондық клубты таңдады. Қатарларына әлем чемпионатының үздіктерін жинаған «Реал» болса бүгін айтпасаңда фаворит. Алаңға бірінші минуттардан-ақ Тони Кроос пен Хамес Родригесті шығарғалы отыр. Бұл ойын жүйесіндегі орындардың иесі болып келген Хави Алонсо ескертуіне байланысты ойынға қатыспаса, Анхель Ди Мария өзге клубқа ауысқалы жүр. Ендеше жаңа ойыншыларға өзін алғашқы кездесулерінен бастап көрсетуге мүмкіндік туып отыр. Ал Гарет Бэйл бүгін белсенбейді деп қарау мүмкін еместей. Өйткені, УЕФА Суперкубогы Уэльс астанасы Кардиффте сарапқа салынғалы жатыр. Өз жанкүйерлерінің алдында барын салмаса Бэйл бүгін Бэйл болмас. Десе де валийлік футболшы дүниеге келген қаласының клубы «Кардифф Ситиде» бірде-бір рет ойнамаған екен. Роналду да жарақатынан кейін нағыз спорттық бабына келгенін байқатуда.

"Реал" ойыншыларының дайындығы

«Жұлдызды құрамға» қарсы «Севилья» да сескеніп қалады деп сенуге болмайды. Унай Эмери нағыз жас әрі соңына дейін жан алысып жан берісетін футболшылармен жұмыс жасауда. Наурыз айында өткен соңғы кездесуде севильялық клуб жеңіске жеткен. Бүгін де сол жетістігін қайталағысы келеді. Ескі қарсыластар арасындағы тартыстағы жеңіс маусым алдындағы көңіл-күйді шарықтатып, тың серпінмен бастауға тағы бір көмегін тигізетінін команда ойыншылары түсінеді. Ескі қарсыластар демекші, екі ұжым осыған дейін тарихтарында өзара 172 кездесу өткізген. Оның 90 ойынында «Реал» жеңіске жетсе, 29 кездесуі тең аяқталған. «Севилья» мадридтік клуб қақпасына барлығы 202 гол соғып, 312 рет өз қақпаларынан допты алып шығыпты.

Командалардың бүгінгі ойынға шығуы мүмкін құрамы

Екі клуб та өз тарихтарында бұл межені бір-бір реттен бағындырған. «Корольдік клуб» 2002 жылы «Фейеноордты» жеңіп қол жеткізсе, «Севилья» 2006 жылы каталондық «Барселонадан» басым түскен. Араға бір жыл сала бүгінгі мадридтік клуб бапкері Карло Анчелотти «Милан» командасын баптап жүргенде «Севильяны» 3:1 есебімен жеңіп, УЕФА Суперкубогын иеленген еді. Бүгін италиялық бапкер испандық клубқа қарсы екінші рет шәкірттерін алаңға шығарғалы отыр.

Қысқа қайырғанда, бүгін әлем жұртшылығының назарын аударатын кездесу күтіп тұр. «Реалдың» маусым алдындағы ойын жүйесі қалай өзгергенін, қалай футболшылардың бір-бірімен тіл табысуы бір бөлек әңгіме болмақ. Ойында бас қазы қызметін ағылшын Марк Клаттенбург атқарады.

Кездесу Астана уақытымен сағат 00:45-те басталады. Ойынды тікелей эфирде «КТК» арнасынан тамашалай аласыздар.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: footballtop.ru, rbc.ru

Ө. Сансызбай