«Шахтер» «Хайдукты» қапы қалдырды (видео)

О Сансызбай Корреспондент
«Шахтер» «Хайдукты» қапы қалдырды (видео)

Еуропа лигасының үшінші електік кезеңіне өткен қарағандылық «Шахтер» өз алаңындағы сплиттік «Хайдукке» қарсы бірінші кездесуде 4:2 есебімен жеңіске жетті.

БӨЛІСУ

Төреші ысқырығы шалынысымен Игорь Тудор жаттықтыратын сплиттік «Хайдук» шабуылға ден қойды. Жылдамдығына сенім артқан қонақтар Александр Мокинді алғашқы минуттардан мазалай бастады. 10 минутта Гедиминас Вичюстың ауттан асырған пасын сәтті пайдаланған Михрет Топчагич есеп ашып, «Шахтерды» алға шығарды. Араға бірнеше минут сала «кеншілер» қақпасының алдындағы қарбаласта ұлттық құрама қақпашысы үздік шықты. Тайлы-тұяғымен шабуылға мән берген «Хайдук» ойыншылары 19 минутта таразы басын теңестірді. Сандро Готаль жеке шеберлігінің арқасында қақпада допты тулатты. 21 минутта Гедиминас Вичюс екінші рет нәтижелі аутын орындады. Бұл жолы команда капитаны Андрей Финонченко голды еншісіне жазды. Одан кейінгі сәттерде екі ұжымда да есепті өзгертуге мүмкіндік болды. Сәтсіз шыққан соққылар нәтиже бермеді.

Екінші таймды да хорватиялық команда доп ұстау басымдығымен бастады. 50 минутта ойын ережесін бұзған Александр Киров әзірбайжан төрешісі тарапынан сары қағаз алды. Араға аз уақыт сала Ян Масло да сары қағаз иеленді. 58 минутта қорғаушылар қателігінен кейін Александр Мокин қақпасын ерлікпен құтқарып қалды. Ойын тізгінін толықтай «Хайдук» футболшыларына ұстатқан «Шахтер» 66 минутта бір-ақ шабуылда белсенді. Ұлан Қонысбаевтың алыстан шірене тепкен добын Стипица қайтара білді. Осы шабуылдан кейін ғана қазақстандық клуб шабуылына жан кіре бастады. Қонақтар айып алаңындағы кезекті қауіпті сәтте Ұлан қақпашымен бірге-бір шығып айласын асыра алмай қалды. Есесіне бұрыштама добынан Алдин Джидич есепті 3:1-ге жеткізді. 77 минутта айып соққысынан ұшқан доп Мақсат Байжановтың қолына тиіп, пенальти белгіленді. Александр Мокин доп бағытын тапқанмен, Цакташ мүлт кетпеді. Әзірбайжандық қазы Алияр Агаев «кеншілер» ұжымына сары қағазды аямады. Мақсаттан кейін Алдин Джидич, Александр Порыбаев пен Сергей Масло да жазаланды. Төреші қосқан қосымша уақытта Тоқтар Жаңғылышбай есепті 4:2-ге жеткізді. Қорғанысты басты назарда ұстап ойнаған Виктор Кумыков бапкердің ойын жүйесі жүзеге асты десек қателеспейміз. Ойындағы басымдықты толықтай қолда ұстап қайтамыз деген «Хайдук» қапы қалды. Жерлестеріміздің жеңісімен құттықтаймыз!


Автор:Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com