Бүгін «Астана» мен «Шахтер» жарыс жолына шығады

Бүгін «Астана» мен «Шахтер» жарыс жолына шығады

Бүгін Еуропа лигасының үшінші електік кезеңіне өткен ел клубтары «Астана» мен «Шахтер» бірінші кездесулерін өткізеді. Жерлестерімізге жеңіс тілей отырып, кездесулерге шолуымызды ұсынамыз.

«Астана» (Қазақстан) - «АИК» (Швеция)


Елордалық клуб Еуропа лигасын өткен маусымда ерте аяқтаған-ды. Бұл маусымда сәтті өнер көрсетіп келеді. Бірінші іріктеу кезеңінде Арменияның «Пюник» командасын қос кездесу қорытындысында ойсырата жеңсе, екінші іріктеу кезеңінде тель-авивтік «Хапоэльден» басым түсті. Өз алаңындағы жеңіс келесі кезеңге өту мүмкіндігін шешіп берді. Сондықтан, Станимир Стойлов шәкірттері бүгін де өз алаңындағы басымдықты пайдаланып қалуы тиіс. Өйткені, клуб «Астана-Аренада» жанкүйерлерін сәуір айынан бері нәтижелі ойындарымен қуантып келеді. Футбол мамандары қазақстандық клуб бірінші кездесуде жеңіліс табатын болса, онда келесі кезеңге өте алмайды деп болжауда.

Негізінен екі клубтың да ойын деңгейлері шамалас. «Астана» електік ойындарды бірінші кезеңнен бастаса, «АИК» екінші кезеңнен жарысқа қосылды. Швециялық клуб түздегі соңғы алты ойынының біреуінде ғана жеңіске жеткен. Қорғаныс пен жартылай қорғаныста қазақстандық клубтың басымдығы айтылуда. Ал шабуыл шебіндегі ойыншылардың ойындары тепе-тең бағалануда. Сонымен қатар, «Астана» екінші қабатта аса сәтті өнер көрсетпесе де, баспен соққы жасауда басымдық танытады деп болжануда.

Қазіргі таңда көптеген букмекерлік орталықтар жерлестеріміздің бірінші ойында жеңіске жететініне аса сенімділік танытып отырған жоқ. «Астананың» жеңісіне – 2,1 коэффициент, тең ойынға – 3,35 коэффициент, «АИК» жеңісіне – 3,36 коэффицент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 2:1 немесе 1:1 болып аяқталуы мүмкін деген болжамдар жасауда.

Ойынды Астана уақытымен сағат 20:00-де «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар. Арна басшылығы шешуші ойынды да тікелей эфирде ұсынуды жоспарлап отыр.

«Шахтер» (Қазақстан) - «Хайдук» (Хорватия)


Қарағандылық «Шахтер» өткен маусымда ел абыройын асқақтатып Еуропа лигасының топтық кезеңіне өткен-ді. Бұл маусымды бірінші електік кезеңнен бастаған клуб «Ширак» пен «Атлантастан» оңай айналып өтті. Ендігі қарсылас – «Хайдук». Хорват футбол клубының аты Еуропаға таныс. Десе де бірінші ойында «кеншілер» ұжымы басымдыққа ие. Өз алаңындағы соңғы сегіз ойында Виктор Кумыков шәкірттері жеңілмепті. Ал сплиттік команда жаңа басталған біріншіліктерін сәтті бастай қойған жоқ. Соңғы кездесуде сырт алаңда «Риекаға» есе жіберген.

Футбол мамандары өткен маусымда «Селтикті» сан соқтырған «Шахтердан» тағы да сенсация күтуде. Өз алаңында ірі есеппен жеңіп, гол жібермеу тапсырмасы қойылып отыр.

Кездесудегі бас қазы қызметін Әзірбайжан елінен келген төрешілер жұбы атқарады. Алияр Агаевқа жасыл алаң жиегінде Зейнал Зейналов пен Намик Гусейнов көмектеседі. Бас қазы осыған дейін Чемпиондар лигасындағы «Ақтөбе» мен тбилисилік «Динамо» арасындағы ойынға да төрелік еткен-ді. Ол кездесуде қазақстандық клуб 3:0 есебімен жеңіске жеткен болатын.

Букмекерлік орталықтар жерлестеріміздің бірінші ойында жеңіске жетуге мүмкіндігі жоғары деп бағалауда. «Шахтердың» жеңісіне – 1,85 коэффицент, тең ойынға – 3,4 коэффициент, «Хайдук» жеңісіне – 4,25 коэффициент беріп отыр. Нақты нәтиже бойынша есеп 2:1 немесе 3:1 болып аяқталуы мүмкін деген болжамдар жасалуда.

Кездесуді Астана уақытымен сағат 18:50-де «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.kz, goal.net.ua

Ө. Сансызбай