Бүгін «Ақтөбе» мен «Стяуа» кездесуі өтеді

Бүгін «Ақтөбе» мен «Стяуа» кездесуі өтеді

Бүгін футболдан Чемпиондар лигасының үшінші кезеңіне өткен «Ақтөбе» өз алаңында бухаресттік «Стяуаны» қабылдайды. Келесі кезең үшін тартыста ел чемпиондарын нағыз тартыс күтіп тұр десек қателеспейміз.

Дүбірлі доданы екінші кезеңнен бастаған Владимир Газзаев шәкірттері Тбилисидің «Динамосын» қос кездесу қорытындысында төрт доп басымдығымен жеңіп шықты. Данило Неко, Алексей Антонов, Игорь Зенькович және Абат Айымбетов бір-бір доптан еншілеріне жазды. Ал команда көшбасшыларының бірі Марат Хайруллин нәтижелі пастарымен жанкүйерлерін қуантқан-ды. Осыған дейін батысқазақстандық ұжым кездескен Грузия елінің футбол ұжымдары жарыс жолынан шығып отырған. Бұған «Торпедо» мен «Олимпи» командаларына қарсы ойындарды дәлел ретінде айта аламыз.

«Ақтөбе» Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінде 14 кездесу өткізген. Оның 7-еуінде жеңіп, 4-еуінде тең ойнап, 4 рет қана жеңіліс тауыпты. Қазіргі таңда клубтың бюджет қоры 10 580 000 еуроны құраса, футболшылардың орташа жасы 27,9 болып отыр.

Румындық клуб та доданы екінші кезеңнен бастады. Норвегиялық «Стремсгодсет» клубын қос кездесу қорытындысында 3:0 есебімен жеңіп, жарыс жолынан шығарды. Қазіргі таңда клуб басшылығы мен жанкүйерлер Қазақстан чемпионын қалпақпен қағып аламыз деп отыр. Қызу дайындығын шыңдап келген жерлестеріміз де өз алаңында намысты қолдан бермейді деген сенімдеміз.

«Стяуа» командасы футболшыларының орташа жасы 24,7-ні құрап отыр. Яғни, команданың көп ойыншылары жастар. Олар осы жарыста ерекше қырымен танылып, Еуропаның топ-клубтарында өнер көрсетуді армандайды. Ал «Ақтөбенің» құрамын тәжірбиелі футболшылардан құралған десек қателеспейміз. Енді жастар жылдамдығына сенім арта ма, әлде алаң иелері тәжірбиесі арқылы жеңе ме, оны бүгін білетін боламыз. Десе де румындық клуб ойынның фавориті. Оларда да тәжірбие жоқ деп айта алмаймыз. Еуропаның алпауыт ұжымдарына қарсы өнер көрсетіп жүрген команда келесі кезеңге өтетіндіктеріне сенімді. Бастысы бүгін қазақ елі «Ақтөбенің» тілеуін тілейтін болады.

Барша қазақ елі көз тіккен кездесу Ақтөбенің Қобыланды батыр атындағы орталық стадионында өтеді. Командасын желпінтуге асыққан жанкүйерлердің бір тобы 13 000 адам бір мезетте ойынды тамашалай алатын стадионға билет те таба алмауда. Бір топ жанкүйерлер тобы стадион басшылығын жұмыстан кетуін талап етуде. Ал ойынға кіре алмаған жанкүйерлер тартысты стадион алдына қойылған экраннан тамашалай алатын болады.

Кездесудегі бас қазы қызметін Түркия елінен келген төрешілер жұбы атқарады. Хусейн Гечекке жасыл алаң жиегінде Мұстафа Эйсой мен Орхун Акташ көмектеседі.

Ойынды Астана уақытымен сағат 21:00-де «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: massaget.kz

Ө. Сансызбай