Алматыда әлемдік «Гран-при» салтанатты түрде ашылды

Алматыда әлемдік «Гран-при» салтанатты түрде ашылды

Балуан Шолақ атындағы спорт кешенінде волейболдан әйелдер арасындағы әлемдік «Гран-при» салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды Мassaget.kz тілшісі.

Ашылу салтанатына арнайы  ат басын бұрған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жарысқа қатысушы құрамаларға сәттілік тіледі.

- Құрметті қала қонақтары, турнирге қатысушы спортшылар! Алматыға қош келдіңіздер! Алматы - Қазақстанның әлеуметтік және экономикалық орталығы ғана емес, сонымен қатар еліміздің мәдение және спорттық орталығы болып табылады. Алда өтетін байрақты бәсекелерді ескере отырып, осы турнирді өткізуге сеніп тапсырғаны үшін Халықаралық волейбол федерациясы мен Қазақстанның волейбол федерациясына алғысымды білдіргім келеді. Спортшыларға сәттілік, жанкүйерлерге жақсы ойын көруді тілеймін, – деді.

Байрақты бәсекенің шымылдығын Хорватия мен Чехияның әуедопшы арулары түрді. Төрт кезеңге (партия) созылған сында чех аруларының мысы басым болды. Есеп 30:32, 21:25, 25:19 және 20:25 болды. Хорватиядан келген қыздар жеңіске жетуге талпынғанымен, оған бастар жолды таба алмады. Нәтижесінде Чехия құрамасы алғашқы үш ұпайды қоржынына салды.

Сонымен, бұл маусымдағы топтық кезең ойындарын Қазақстанмен қатар Пуэрто-Рико, Мексика және Перу елдері қабылдап жатыр. «А» дивизионында Бразилия, АҚШ, Жапония, Италия, Қытай, Ресей, Сербия, Доминикан Республикасы, Германия, Оңтүстік Корея, Түркия және Таиланд құрамалары сынға түспек. «В» дивизионында Польша, Перу, Пуэрто-Рико, Нидерланды, Аргентина, Канада, Куба және Бельгия құрамалары бақ сынайды. Ал, «С» дивизионында Кения, Алжир, Қазақстан, Хорватия, Чехия, Мексика, Болгария және Австралия өнер көрсетеді.

Турнир жеребесінің нәтижесі бойынша қазақстандық әуедопшылар Австралия, Чехия және Хорватия құрамаларымен бір топқа түсті. Дәл қазір Аустралия әуедопшы аруларымен кездесіп жатқан Александр Гутор баптайтын Қазақстан құрамасы бірінші кезеңде 25:21 есебімен жеңіске жетуде. Әлемдік «Гран-приде» сегізінші рет бақ сынап отырған отандастарымызға сәттілік тілейміз. Ал жарыстың басты жаңалықтарымен біз сіздерді хабардар етіп отыратын боламыз.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет:volley.kz

Ө. Сансызбай