«Шахтер» «Атлантастан» айласын асырды

О Сансызбай Корреспондент
«Шахтер» «Атлантастан» айласын асырды

Еуропа лигасының екінші електік кезеңінде бақ сынап жатқан қарағандылық «Шахтер» литвалық «Атлантасқа» қарсы қарымта кездесуде 3:0 есебімен жеңіске жетіп, байрақты бәсекенің үшінші кезеңіне өтті.

БӨЛІСУ

Бас қазы ысқырығы шалынысымен Виктор Кумыков шәкірттері шабуылға лап қойды. Бірақ, литвалық ұжым да сәтті қорғана білді. Шабуыл шебіндегі Андрей Финонченко, Ұлан Қонысбаев пен Михрет Топчагич қонақтар қақпасына жиі шабуылдаумен жанкүйерлер көзіне түсті. Әсіресе, команда капитанында есеп ашуға бірнеше мүмкіндік болды. Өкінішке орай пайалана алмады. Сонымен қатар, Никола Покрывач та бір мүмкіндігін мүлт жіберді. Нәтижесінде бірінші таймда есеп ашылмай, тең тарқасты.

Екінші тайм бастала сала «кеншіер» ұжымы жанкүйерлерін қуантты. Бұрыштамадан асырылған доп қақпа алдындағы қарбаласта Михрет Топчагичтің аяғынан табылды. Нәтижесінде «Шахтер» легионері кездесудегі есепті ашты. Осы голдан кейін-ақ қонақтар ойынынан сән кетті. 61 минутта Ұлан Қонысбаев шеберлігіне сенім артып, есепті еселей түсті. Одан кейінгі уақытта да қарағандылықтардың гол соғуына жағдайлар жасалды. Тек сәттілік жетіспеді. Ойын соңына қарай алаңға кірген Роман Мұртазаев кездесудің нақты нәтижесіне нүкте қойды. Осылайша ел клубтары Қазақстан қоржынына кезекті ұпай сыйлады. Жерлестеріміздің жеңісімен құттықтаймыз!

Қарағандылық команда үшінші кезеңде Ирландияның «Дандолк» және Хорватияның «Хайдук» командалары арасынан келесі кезеңге өткен клубпен жолығады. Бұл ұжымдар арасындағы кездесу Астана уақытымен сағат 00:15-те басталады.

Автор: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com