ӘЧ-2014. Символикалық құрам анықталды

ӘЧ-2014. Символикалық құрам анықталды

Футболдан Бразилия жерінде өткен әлем чемпионатының символикалық құрамына енген футболшылар белгілі болды. Бұл қатарға Германия мен Бразилия құрамаларынан 4 футболшыдан енген.

Ең үздік құрамды анықтау Халықаралық футбол федерациясының (ФИФА) ресми сайтында 27 маусым мен 13 шілде аралығында дауыс беру арқылы жүрігізілген. Үздік танылғандар бүгін анықталды.

Символикалық құрамның үздік қақпашысы орнынан Мануэль Нойер табылды. Ол осыған дейін «мундиальдың» ең үздік қақпашысына берілер атақты да жеңіп алған болатын. Қорғаушылар қатарына «селесаоның» 3 бірдей қорғаушысы енген. Олар: Давид Луис, Марсело және Тиаго Силва. Команда капитанын Германияға қарсы ойнамады демесеңіз, негізінен үш ойыншының да әлем чемпионатында аса жолы бола қойған жоқ. Ал «неміс машинасы» сапында ерекше ойынымен көзге түскен Матс Хуммельс те жанкүйерлер дауысының арқасында осы қатардан табылды.

Үздік жартылай қорғаушылар қатарынан аргентиналық Анхель Ди Мария, колумбиялық ең үздік сұрмерген Хамес Родригес, және додадағы ең пайдалы ойыншы атанған Тони Кроос еніп отыр. Ал шабуыл шебінде белсенгендер қатарына Лионель Месси (Аргентина), Томас Мюллер (Германия) мен Неймар (Бразилия) енді.

Ал әлем чемпионатының үздік бапкері ретінде жанкүйерлер Германия құрамасының бас бапкері Йоахим Левті таңдады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: fifa.com

Ө. Сансызбай