Бүгін «Ақтөбе» мен «Динамоның» шешуші ойыны өтеді

Бүгін «Ақтөбе» мен «Динамоның» шешуші ойыны өтеді

Чемпиондар лигасының екінші електік кезеңінде бақ сынап жатқан «Ақтөбе» бүгін өз алаңында тбилисилік «Динамомен» қарымта кездесу өткізеді. Жерлестерімізге сәттілік тілейміз.

Осыдан бір апта бұрын Грузия жерінде өткен кездесуде жерлестеріміз жүйелі ойынымен көзге түсіп, Данило Неконың соққан голымен бір доп басымдығына ие болып қайтқан еді. Бүгін қарсыластар сол есені қайтарамыз деп келіп отыр. Бірақ, «Ақтөбенің» өз алаңында оңай шағылар жаңғақ емес екенін жақсы біледі де. Бастысы бүгін біз Владимир Газзаев шәкірттеріне үлкен сенім артамыз. Бір доп басымдығы сусымалы нәтиже екенін түсінетін қос ұжым да шабуылда барынша берілген мүмкіндіктерін жібермеуге талпынары белгілі.

Барша қазақ елі көз тіккен кездесу Ақтөбенің Қобыланды батыр атындағы орталық стадионында өтеді. Командасын желпінтуге асыққан жанкүйерлердің бір тобы 13 000 адам бір мезетте ойынды тамашалай алатын стадионға билет те таба алмауда. Табылған күннің өзінде екі есе бағасына сатылуда. 

Чемпиондар лигасында ел намысын қорғап жатқан «Ақтөбе» байрақты бәсекенің екінші іріктеу кезеңінен өтсе, норвегиялық «Стремсгодсет» пен румыниялық «Стяуа» клубтарының арасындағы жеңімпазбен кездеседі. Алғашқы кездесу 29-30 шілдеде өтсе, 5-6 тамыз күні қарымта кездесу өтеді. Қарсылас қос команда арасындағы алғашқы кездесуде бухаресттік ұжым бір доп басымдығымен жеңіске жеткен.

Кездесудегі бас қазы қызметін Әзірбайжан елінен келген төрешілер жұбы атқарады. Алияр Агаевқа жасыл алаң жиегінде Зейнал Зейналов пен Намик Гусейнов көмектеседі.

Ойынды Астана уақытымен сағат 21:00-де «KazSport» арнасынан тамашалай аласыздар. Жерлестерімізге жеңіс тілейміз!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет:vesti.kz

Ө. Сансызбай