Родригес «Реал» сапын толықтырды

Родригес «Реал» сапын толықтырды

Футболдан Бразилия жерінде өткен әлем чемпионатында ең үздік сұрмерген атанған Хамес Родригес ресми түрде мадридтік «Реал» сапын толықтырды. Бұл туралы испандық ақпарат құралдары хабарлап отыр.

23 жастағы футболшы мен «корольдік клуб» алтыжылдық келісімшартқа қол қойды. Трансфер құны 80 миллион еуроны құрап отыр. Осыған дейін «Монакода» өнер көрсеткен жартылай қорғаушы енді жылына 5 миллион еуроны қалтасына басатын болады. Ал клуб басшылығы футболшыны жанкүйерлерге бүгін таныстырады деп күтілуде.

Францияның «Монако» командасының қатарына қосылғанша Хамес Родригес колумбиялық «Энвигадо», аргентиналық «Банфилд» және португалиялық «Порту» сапында өнер көрсеткен. «Реалға» ауысудағы трансфер құны футбол тарихындағы ең қымбат ойыншылардың бестігіне енді.

Естеріңізге сала кетсек, жақында ғана Карло Анчелотти шәкірттерінің қатарына мюнхендік «Бавариядан» Тони Кроосты алдырған еді. «Мундиальда» өздерін тамаша қырымен танытқан футболшылардың алдағы клуб ойынының жүйесіне сіңісуін уақыт көрсете жатар. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай