Джеррард ұлттық құрамамен қоштасты

Джеррард ұлттық құрамамен қоштасты

Англия ұлттық құрамасының капитаны Стивен Джераррд ұлттық құрамадағы спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді. Бұл туралы мерсисайдтық клубтың ресми сайты хабарлап отыр.

Ұлттық құрама сапына жартылай қорғаушы 2000 жылы шақырту алған. 14 жыл ішінде 114 рет Англия құрамасының жейдесімен алаңға шығып, 21 гол соққан. 38 кездесуде команда капитаны болған. Үш бірдей әлем чемпионаты мен үш рет Еуропа чемпионатына қатысты. Командасына барынша көмегін тигізгенмен, Англия құрамасы жеңіс шыңын бағындыра алмады.

- Мен Англия құрамасының жейдесін киіп өнер көрсеткенім үшін бақыттымын. Қайта киіп алаңға шықпайтыным да өкінішті. Бұл өте жауапты шешім болды. Бірақ, дұрыс шешім қабылдадым деп ойлаймын. Ендігі бар күшімді «Ливерпульмен» жеңіс шыңын бағындыруға арнасам деймін. «Энфилдке» Чемпиондар лигасының қайта оралуы – бұл да бір үлкен қуаныш! – деді Стивен.

Естеріңізге сала кетсек, Англия құрамасының капитаны үшін бұл маусым шешуші сәттерде сәтсіз болды. Премьер-лига ойындарында да, әлем чемпионаты кездесулерінде де ең маңызды голдардың соғылуына Стивен себепкер болды. Жолы болмады десек қателеспейміз. Бұл сәтсіздігі үшін жанкүйерлері де жазғырған жоқ.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: sports.ru

Ө. Сансызбай