Еуропа лигасы. Үшінші кезең жеребесі тартылды

Еуропа лигасы. Үшінші кезең жеребесі тартылды

Жаңа ғана Швейцарияның Ньон қаласында Еуропа лигасының үшінші електік кезеңінің жеребесі тартылды. Ел намысын қорғап жатқан клубтар келесі кезеңге өтсе, оларға қарсылас атанатын командалар белгілі болды.

Бірінші кездесуде Алматыда «Қайрат» Данияның «Эсбьерг» командасымен кездесіп, қолдағы жеңісті соңғы минутта шығарып алды. Нәтижесінде 1:1 есебімен тең ойнаған-ды. Қос команда арасындағы жеңімпаз Польшаның «Рух» пен Лихтенштейннің «Вадуц» клубтары арасындағы үздік шыққанымен кездеседі. Бірінші ойында поляк ұжымы өз алаңында қарсыластарынан 3:2 есебімен басым түскен.

«Астана-Аренада» елордалық клуб үшінші кезеңге өтуге мол мүмкіндік жасады. Өз алаңында тель-авивтік «Хапоэльды» үш доп басымдығымен жеңген Станимир Стойлов шәкірттері солтүстік ирландиялық «Линфилд» пен Швецияның «АИК» клубтары арасындағы жеңімпазбен кездесетін болды. Бірінші кездесу 1:0 есебімен «Линфилд» пайдасына шешілген.

Түзде литвалық «Атлантаспен» тең ойнаған «Шахтер» өз алаңында жеңіске жетіп жатса, Ирландияның «Дандолк» және Хорватияның «Хайдук» командалары арасынан келесі кезеңге өткен клубпен жолығады. Алғашқы ойында хорват командасы екі доп басымдығымен сырт алаңда жеңіске жеткен.

Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңі 31 шілде күні, қарымта кездесулері 7 тамызға жоспарланған. Ал екінші іріктеу кезеңінің шешуші ойындары 24 шілдеде өтеді. Ел намысын Еуропа лигасында абыроймен қорғап жатқан үш командамызға сәттілік тілейміз!

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: goal.net.ua

Ө. Сансызбай