Еуропаның үздік футболшысына үміткерлер белгілі болды

Еуропаның үздік футболшысына үміткерлер белгілі болды

Еуропаның 2013/2014 жылғы маусымдағы ең үздік футболшысына үміткерлер қатарынан алғашқы ондық іріктеліп шықты. Бұл туралы УЕФА-ның ресми сайты хабарлап отыр.

Үздік футболшыларды анықтайтын ондық қауымдастық құрамына енетін тілшілердің дауыс беру нәтижесінде түзілген. Еуропаның үздік футболшысына үміткерлер саны бойынша мюнхендік «Бавария» көш бастап тұр. Атақты неміс клубының сапынан – Филипп Лам, Арьен Роббен, Томас Мюллер және Мануэль Нойер бар. Ал Чемпиондар лигасын жеңіп алған мадридтік «Реал» қатарынан бұл тізімге Анхель Ди Мария мен Криштиану Роналду еніп отыр. «Барселонадан» жалғыз Месси бұл қатардан табылса, мадридтік екінші клуб «Атлетикодан» Диего Коста үздіктер қатарынан тыс қалмапты.

Әлем чемпионатының ең үздік сұрмергені атанып, «Алтын бутсыны» иеленген Хамес Родригес пен басы дауға қалған Луис Суарес те ондықтан табылды.

14 тамыз күні аталған 10 футболшының ішінен жарыс жолын жалғастыратын үздік 3 ойыншының аты белгілі болады. Ал Еуропаның 2013/2014 жылғы маусымдағы үздік футболшысының есімі 28 тамызда Монакода болатын Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне жеребе тастау рәсімінде аталады.

Естеріңізде болса, Еуропаның үздік футболшысы жүлдесін табыстау 2011 жылдан бастау алған болатын. Сол жылы бұл атақты Лионель Месси иеленсе, 2012 жылы оның командаласы Андреас Иньеста жеңіп алған-ды. Өткен маусымда бұл мәртебе француз Франк Риберидің қанжығасына байланған еді. Ал бұл маусымда кім үздік атанар екен?

  Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

сурет:inoprosport.ru 

Ө. Сансызбай