Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты Алматыда өтеді

Бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты Алматыда өтеді

Халықаралық бокс федерациясының атқарушы комитеті (AIBA) 2016 жылғы бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионатын Қазақстанда өткізуді жөн деп шешті. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясының баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Жыл сайын шілде айында AIBA қорытынды мәслихатын өткізеді. Бұл отырыста өткен бокс бәсекелері мен даму деңгейі, және алдағы жарыстар туралы шешімдер мен ережелер қаралады. Бүгін Стамбулда өткен отырыс қорытындысында, Қазақстан 2016 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын өткізу құқығына ие болды. Бәсекені өткізуге Қазақстаннан өзге Ресей, Ұлыбритания және Қытай елдері ниет білдірген. Қорытындысында 20 адамнан тұратын атқарушы комитет мүшелерінің 18-і Қазақстанды қолдаса, екеуі ғана Қытайға дауыс берген.

Олимпиада ойындарына бокстан әйелдер арасындағы тартысқа үш салмақ дәрежесі (51, 60 және 75) ғана енген. 2016 жылғы әлем чемпионатында еліміздің намысын әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында жүлделі орындардан көрінген боксшы аруларымыз қорғайтын болады.

Естеріңізге сала кетсек, өткен жылы Алматы бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионатын қабылдаған болатын. Намысқа тырысып, барын салған былғары қолғап шеберлеріміз төрт алтын, екі күміс және екі қола алып, жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көрінген-ді. 

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: vk.com

Ө. Сансызбай