Еуропа лигасы. Ел клубтары екінші кезеңді бастайды

Еуропа лигасы. Ел клубтары екінші кезеңді бастайды

Бүгін Еуропа лигасының екінші електік кезеңіне өткен ел клубтары жарыс жолына шығады. Командалар кеше Чемпиондар лигасының екінші електік кезеңінде тбилисилік «Динамоны» жеңген «Ақтөбенің» ерлігін қайталайды деген үміттеміз!

«Астана» (Қазақстан) – «Хапоэль» (Израиль)


«Астананың» да өз алаңындағы ойыны оңай болмайын деп тұр. Тель-авивтік «Хапоэль» тәжірбиелі ойыншыларымен қатар, жүйелі әрі бір қарқындағы ойынымен де ерекшеленетін клуб. Соңғы жылдары Израиль құрамасы аса сәтті өнер көрсетіп жүрмесе де, футбол клубтары електік кезеңдерде тәуір ойнай біледі. Мұны өткен маусымда хайфалық «Маккабидің» нәтижесінен де байқадық. Бірақ, «Астананы» да оңай шағылар жаңғақ деп қарауға болмайды. Өз алаңындағы алғашқы кездесудің бағасы жоғары екенін түсініп ойнары белгілі. Егер бүгін Станимир Стойлов шәкірттеріне дұрыс ойын жүйесін таңдаған болса, жеңіске жетуіне мол мүмкіндік бар.

Астана уақытымен сағат 19:00-де басталатын кездесуге Ресейден келген төрешілер жұбы қазылық жасайды. Бас қазы Сергей Ивановқа, Вячеслав Семенов пен Алексей Воронцов көмектесетін болады. Ойынды «KazSport» арнасынан тікелей эфирде тамашалай аласыздар.

«Қайрат» (Қазақстан) – «Эсбьерг» (Дания)


Алматылық клуб өз алаңында барын салып өнер көрсететіні белгілі. Қарымта кездесу түзде өтетіндіктен оңай болмасын Владимир Вайсс шәкірттері жақсы түсінеді. Сондықтан да бүгін алаң иелері нәтижеге қол созуы тиіс. Қазақстандық клубтың әлеуетін зерттеген дат ұжымы Бауыржан Исламхан мен Жерар Гоудан сақ болуды ойластырыпты. Ал «Қайрат» осы екі футболшымен қатар Самат Смақов, Михайл Бақаев, Ермек Қуантаев, Йосип Кнежевич, Аслан Дарабаев, Исаэль және өзге де футболшыларына үміт артары анық. Букмекерлік орталықтар қонақтарды аздап басымдыққа ие деп бағалауда.

Ойынға украиналық төрешілер жұбы қазылық жасайды. Бас қазы қызметін Александр Дердо атқарса, оған алаң жиегінде Семен Шлончак пен Николай Левко көмектеседі. Кездесу Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Ойынның жазба нұсқасы түнгі 23:00-де «Хабар» арнасынан көрсетіледі.

«Атлантас» (Литва) – «Шахтер» (Қарағанды)


Өткен маусымда дәл осы байрақты бәсекенің топтық кезеңіне өткен қарағандылық «Шахтер» бүгін түзде литвалық «Атлантаспен» кездеседі. Қазақстандық клуб кездесудің фавориті саналуда. Бірақ, алаң иелерінің де жеңіс үшін ойнары белгілі. Өйткені, қарымта кездесу өздеріне оңай соқпасын жақсы біледі. Бүгін Виктор Кумыков тәуекелге барып, жаңа ойын жүйесі мен қосалқы құрамдағы ойыншыларының да білігін сынап көруі ғажап емес. Футбол мамандары «кеншілер» ұжымын екі кездесуде де жеңіске жетеді деп топшылауда. Біз де жерлестерімізге сәттілік тілейміз. Ойын Астана уақытымен сағат 22:00-де басталады.

Сонымен қатар, ертең Швейцарияның Ньон қаласында Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының үшінші електік кезеңінің жеребесі тартылады. Салтанатты рәсім Астана уақытымен сағат 16:00-де басталады.

Дайындаған: Өмірбек Сансызбай

Сурет: footballtop.ru, sports.kz

Ө. Сансызбай